ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНІҢ ЖАЗБА ТІЛДЕРІНІҢ СӨЗДІК ҚҰРАМЫ: СТРАТИГРАФИЯЛЫҚ ҚАБАТТАРДАҒЫ ҰҚСАСТЫҚТАР МЕН ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР (қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар және әзірбайжан, гагауз, түрікмен тілдері материалдары негізінде)

Сагидолда Гүлғайша*

ХХІ ғасырда жаһандану үрдісі кең қанат жайып, технологиялық ақпараттық кеңістіктің әлемдік деңгейде біртұтастануы түркітілдес халықтардың мәдениетаралық қарым-қатынастарын жаңғыртуды сапалық жаңа деңгейге көтеріп, жаһандану үрдісі жағдайында жалпытүркілік лингвоэтномәдени құндылықтарды сақтап қалуды міндеттейді. Осы орайда түркітілдес халықтардың өзара ықпалдастығы мен ынтымақтастығының, түркі әлемінде жүріліп жатқан интеграциялық процесстердің тілдік тетіктерін іздестіру заман талабынан туындап отырған күрделі мәселелерінің бірі. Бұл мәселеде жалпытүркілік ортақ тілден бастау алып, тарамдала дамыған 30-дан астам түркі тілдерінің сөз қазынасын түстеп– түгендеп, түркі тілдеріаралық деңгейде сөздіктер құрастыру, түркі тілдерінің лексикалық қорларындағы ортақтықтар мен айырмашылықтардың аражігін нақты айқындап, қазіргі қоғамдық өзгерістердің түркі тілдерінің сөз қазынасына тигізіп отырған әсер-ықпалын айқындаудың маңызы зор. Мұндай маңызды мәселелер лингвистикалық түркология саласында күні бүгінге дейін кешеуілдеп келе жатқан сала – түркі тілдерінің салыстырмалы-синхрондық лексикологиясын қалыптастыруды қажет етеді.

Түркі тілдерінің генеалогиялық классификациясын негізге ала отырып, тілдік топтарішілік және тілдік топтараралық, я болмаса әр топқа енетін жеке тілдераралық салыстырмалы-сипаттамалы сипаттағы біртұтас зерттеулер арқылы түркі тілдері салыстырмалы-синхрондық лексикологиясының пәндік негізі қаланады. Бұл бұрын-соңды түркі тілдері лексикасы өзара синхрондық аспектіде мүлдем салыстырыла зерттелмеді деген сөз емес, екі немесе үш түркі тілдері лексикасын қандай да бір аспектіде өзара салыстырып (қазақ-түрік, түрік-якут,татар-башқұрт, құмық-ноғай т.б.), я болмаса құрылымы бөтен тілдермен (орыс, ағылшын, неміс т.б.) салғастырып зерттеген еңбектер лингвистикалық түркологияда баршылық. Дейтұрғанмен қазақ тілінің лексикологиясы, қырғыз тілінің лексикологиясы, башқұрт тілінің лексикологиясы, татар лексикологиясы тәрізді жекелеген түркі тілдерінің тілтаным ғылымының лексикология саласында қол жеткізген жетістіктеріне сүйене отырып, түркілік кеңістікте қолданыс аясы әр қилы болып келетін (мемлекеттік тіл, әдеби тіл, жазба тіл, ауызекі сөйлеу тілі т.б.) түркі тілдерінің лексикалық жүйесіне қатысты теориялық білімнің біртұтас корпусын жасау әлі де қолға алына қоймаған, әйтседе лингвистикалық түркологияда шешімін табуға тиісті басты міндеттердің бірі екені сөзсіз.

Түркітілдес халықтардың әрқайсысының жеке дербес этнос ретінде қалыптасқанға дейінгі және онан кейінгі ауызекі сөйлеу тілдерінің, түркі халықтарына ортақ жазба жәдігерліктер тілдерінің, сондай-ақ ұлттық сипаттағы жаңа дәуір жазба әдеби тілдерінің барлық қаттауларын (сөз қазынасын, грамматикалық құрылысын, дыбыстық жүйесін) және олардың әр тарихи кезеңдеріндегі күй-қалпын тұтас алып, полиаспектілік тұрғыдан зерттеу өте ауқымды, аса күрделі мәселе екені сөзсіз. Дейтұрғанмен кез келген тілдің және оның ауызша, жазбаша үлгілерінің әр деңгейін тілдік ішкі кіші жүйе тұрғысынан әр түрлі аспектіде қарастыру тіл білімінде орныққан методологиялық ұстаным десек, түркі тілдерінің сөз қазынасын зерттеу лингвистикалық түркологияның лексикология саласының үлесіне тиеді.

Қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар тәрізді қазіргі қыпшақ жазба тілдері мен түрік, әзірбайжан, гагауз, түрікмен тәрізді оғыз тілдері сөз қазынасы құрамын хронологиялық-генетикалық тұрғыдан: 1) түркі, моңғол және тұңғыс-маньчжур тілдерінің генеалогиялық тектестігіне жетелейтін жалпыалтайлық қабат; 2) түркі тілдеріне ортақ лексикадан тұратын жалпытүркілік қабат; 3) түркі халықтарының әр қайсысының тіршілік-тынысының өзіндік ерек-шеліктерін және этникалық мәдениетінің даралық болмысын танытатын байырғы төл лексикалық қабат; 4) түркі халықтарының басқа халықтармен болған тарихи-мәдени қарым-қатынастарына байланысты қалыптасқан кірме қабат деп 4 стратиграфиялық қабаттарға бөлуге болады.

Түркі тілдері сөз қазынасының жалпыалтайлық қабатын құрайтын көптеген сөздер алтаистикалық бағыттағы зерттеулерде ілкі түбір тұрғысынан қарастырылады. Мәселен, алтай тілдеріне ортақ сөздердің ілкі түбіріне (бастапқы, біріншілік) қатысты компаративтік зерттеулерде түркі-моңғол, түркі-моңғол-тұңғыс-маньчжур және моңғол-түркі-тұңғыс-маньчжур тілдеріндегі параллель етістіктердің негіздері дыбыстық тұрғыдан типтес болып келетініне ерекше назар аударылады [Ramstedt 1957]: – түрк. ora- ‘орау, алдын орап кету, алдау’, ‘орап қою’: түрікм. ora, қаз. ora-, узб. ọra-, диал. horä-, ұйг. oru-, лобн. ojo-, чув. văr- ‘орау’, ‘орап тастау’, ‘айналдыра орап қою’ ~ орта-моңғ. horči-, моңғ.-жазба orči- ‘айналу’, orija-, oruγa-‘айналдыра бұрау, орап тастау’, х.-моңғ. orō-, orči-, бур. oŕō-, oršo-, калм. orā-, orčă-, дунс. χoro-, баоань. horә-, ш.-юг. horō, моңғор. furō-, χurō ‘орау, орап тастау’ ~ тұңғ.-маньчж.: эвенк. horol- ‘айналдыру, айналу’, нег. χojil- ‘тж.’; маньчж. foro-‘айналу’; ‘бір нәрсені шыр айналдыру’; ульч. pori- ‘тор тоқу’;

– түрк. *as- ‘асу’: түркм. as-, қаз. as-, халадж. has-, чув. us- ‘асу’ ~ жазба.-моңғ. asa-, х.-моңғ. asa-, бур. aha- ‘жоғары шығу, өрмелеу’, бур. ahā- ‘тіркеу, тағу, іліп қою, асып қою’ ~ тұңғ.-маньчж.: ороч. χasi‑, нан. hasi‑, fasi-, нан., орок. pasi- ‘асу, асылу’;

– түрк. *üskür- ‘үшкіру’, ‘шашырату (түкірігін)’: түркм. üs-gür‑, халадж. esür-, түрік. öksür-, гаг. ǖsür-, чув. üzěr- ‘жөтелу’, üslěk ‘жөтел’ ~ моңғ. *hösür- ‘бүрку, шашырату’: жазба моңғ. ösür-, üsür-, х.-моңғ. üsre-, қалм. ösr-, дағур. χesurě-, χesre-‘шашырату’ ~ тұңғ.-маньчж.: эвенк. husu-, эвен. hus-, нег. χusi-, маньчж. fisi-, fise-, fusu-, ульч. pisuri-, нан. pisi-, fisi-, орок. pisitči-, possoli- ‘бүрку’;

Түркі тілдеріне ортақ лексикадан тұратын жалпытүркілік қабат қазіргі түркі тілдері лексикалық қорының ядросын құрайды. Жалпытүркілік сөздер – көне және ортағасыр ескерткіштерінде тіркелген, сондай-ақ қазіргі ірілі-уақты түркі тілдерінің түгелінде жуығында кездесетін ортақ сөздер. Мәселен: Орх., Е., Тал. jïl «год» ~ қаз., ққалп., башқ. zïl, құм., тат, ноғ. jïl; Орх., Е., Тал. jïm(šaq) «мягкий» ~ тат., қ.тат. диалектілерінде jïm(šaq), қар. jïm(šax), ққалп. dïm(saq); Орх., Е., Тал. jïš «густой лес, чернь»~ ққалп. žïs, тат., башқ. jïs, қырғ. žïš. Қазақ тіліндегі žïnïs «қалың, ну» лексемасының көне түркілік jïš сөзімен төркіндестігі байқалады; Орх., Е., Тал. qïz «девочка, девушка, дочь»~ қаз., ққалп., ноғ., құм., башқ. qïz; Орх., Е. qïd «укоратить, сократить» ~ қаз., ққалп., құм., ноғ. qïs(qa) «короткий, краткий»; Орх., Е. qïl «делать» ~ қаз., ққалп., ноғ., құм. qïl, қырғ., башқ., тат. kïl; Орх., Е., Тал. qïrq «сорок» ~ қаз., ққалп., ноғ., құм., башқ. qïrïq; тат., қырғ. kïrk; Орх., Е., Тал. qïš «зима»~ қаз., ққалп., ноғ., құм. qïs, тат., башқ., қырғ. kïš; Орх. sïγ(ta) «плакать» ~ қаз. sïq(ta) «жылап-сықтау»; Орх., Е., Тал. tïņ(la) «слушать» ~ қаз., ққалп., ноғ., башқ. tïņ(da)/tïņ(la).

Көптеген тілдерде жалпытүркілік лексика мағыналық тұрғыдан үйлес келгенімен, жалпытүркілік тектілден тарамдалатын тілдік топтардың, жекелеген тілдердің өзді өздерінің тілдік заңдылықтарына сай олардың фонетикалық, морфологиялық және тұлғалық ерекшеліктері орын алады. Мәселен, түркі тілдері консонанттар жүйесіндегі q, k, γ, g, х, h дыбыстарынан тұратын C типтес фонемалар түркі тілдері дамуының ежелгі дәуірінде бір фонеманың аллофондары болған, яғни генезисі жағынан бір-біріне жақын, төркіндес дыбыстар ретінде қарастырылады [Баскаков 1988: 105].
Түркі тілдерінің консонанттық жүйесі ортақ болғанымен қазіргі тілдер түрлі ықпалдарға байланысты өзіндік қасиеттерімен ерекшелене дамиды. Бір дыбыстан немесе
африкаттан тұратын ортақ архитұлғадан тараған q, k, γ, g, х, h аллофондарының дербес фонемаларға айналуы ұзақ мерзімге созылған фонологизацияланудың нәтижесі, олардың әрқайсысының өзіндік артикуляциялық, акустикалық, функционалдық ерекшеліктерімен қалыптасуы да лингвоэволюциялық, физиоэволюциялық үдерістер аясында жүзеге асады. Мысалы: Qq(қ) – тілдің түбі таңдайдың артқы шенінен тиюден жасалатын шұғыл қатаң фонема. Түркі тілдерінің көпшілігінде q дыбысы сөз соңында сақталған, көне түркі тілінде, қаз., тат., ноғ., башқ., қырғ., ұйғ., түркім., тув. тілдерінде – aq, өзб. тілінде – oq “ақ”, көне түркі тілінде, қаз., тат., құқм., каб. – балк., қырғ., тув. тілдерінде – balïk “балық” [Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков 1984: 192].

Әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктеріне орай сөз соңындағы q дыбысы бірнеше өзгерістерге түседі: 1. q ≈х (як. – suox, atax, ox; хак. – ajax, čox; әзірб. – jox, ox; қаз. –ajaq, žoq, oq “аяқ”, “оқ”, “жоқ”); 2. q ~ g (әзірб. – balïg; қаз. – bаlïq); 3. q ≈ γ (өзб. – čijroγ, қаз. – šïraq); q ≈ ø (чув. – ura, čere, pure; қаз. – ajaq, žürek, büjrek). q ≈ х сәйкестігі монғол тілдерінде де кездеседі: көне монғол тілінде – aqa, қазіргі монғол тілінде аха; қаз. – аγа «аға». Кейбір түркі тілдерінде q дауыссызы артикуляциялық жағынан сәл өзгешелеу, мысалы, Э.Р. Тенишевтің көрсетуі бойынша көне ұйғыр, сары ұйғыр тілдерінде қырылдаңқырап естіледі: aqh-“ақ (етістік)” [Тенишев 1963: 125].

Қазіргі түркі тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктерін көрсетуде ҮІІ-ІХ ғасыр түркілерінің тілдік дерегі – Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштерінің тілі негізгі діңгек ретінде қарастырылады. Ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі дауыстылар жүйесінің өзгерістері де жалпытүркілік вокализмдердің күрделі даму жолын, даму үрдісінің бағыт-бағдарын, қыпшақ тобындағы әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктерін, көне түркі тіліне қатыс-дәрежесін білдіретін тілдік құбылыс. Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі моносиллабтар құрамында да дауыстылар сәйкестіктерінiң кездесуi тiл дамуының табиғи заңдылығы. Ескерткіштер тіліндегі сегіз дауысты дыбыс қазіргі түркі тілдерінің, оның ішінде қыпшақ тілдерінің де дауыстылар жүйесінің негізін қалайтыны белгілі. Мәселен, қыпшақ тiлдерiндегi бір буынды сөздердiң немесе екі, көп буынды сөздердің бірінші буынындағы ï дауыстысы алғашқы дауыстылар қатарына жатады [Сравнительная-историческая грамматика тюркских языков 1984: 149]. А.М.Щербак тува, якут тілдеріндегі кейбір сөздердегі ï дыбысының қалыптасуына баба түркілік а дауыстысының ықпалы болғанын (tïp «находить» <*tap, kïlïн «толстый» <*kaлïн, ïл «брать» <*ал, mïмïр «корень», «жила» <*mамïр, mïj «жеребенок по второму году» <*maj т.б.) айта отырып, «а дыбысының ï дыбысына ауысуы түркiлiк баба тiл диалектiлерiнiң бiрiне тән ерекшелiк» деген қорытындыға келедi [Щербак 1994:145].

Жалпытүркілік лексика әр тілдің дербес дамуы, функциональдық қолданыс аясының кеңеюі мен тарылуына байланысты мағыналық-мазмұндық өзгерістерге ұшырап отырғаны сөзсіз. Дейтұрғанмен олардың семантикалық дамына негіз болған бастапқы мағына лексика бойынан бірде көрінеу, бірде көмескі көрініс беріп отырады. Салыстырсақ.: чув. tavăr-, тат. tägärä-, як. tägirī-, көне-түрк. тegirä ‘төңірек, айнала’, tegir-män ‘диірмен’, түркм. tegelek ‘дөңгелек’, ноғ. togin ‘тоғын’, тат. dugim, чув. togăm ‘тоғын, шеңбер’, шағат. toγ-lak ‘дөңгеленген’, тел. toγolok, қаз. doγalak, хақ. toγlaχ ‘дөңгелек’; қаз. töŋörök ‘төңірек, айнала’, töŋgülök ‘доңғалақ’, тоб. tüŋäläk ‘сақина, шеңбер’; түрк. *pē̄li-ŋ (-ŋ етістіктен есім тудырушы қосымша): көне.-ұйг. beliŋ ‘қорқақ’, көне.-ұйг., шағат. balıŋla-‘қорқып ояну’, телеут. peliŋdä- ‘қорқақтау’; ескі.-түрік. belin ‘қорқыныш’; түрік. belin ‘таңғалған, есі шығып кеткен’; диал. pelin ‘қоян’ (< ’қорқақ’), қаз. beleŋ ‘арын, бас асау’, beleŋ al-‘үрку (жылқы туралы)’ [Doerfer 1976: 25].

Қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар және әзірбайжан, гагауз, түрікмен халықтарының тіршілік-тынысының өзіндік ерекшеліктері және этникалық мәдениетінің даралық болмысы осы тілдердің әрқайсысының сөз қазынасында байырғы төл лексикасынан тұратын қабатты қалыптастырғаны белгілі. Бұл қабатқа жататын лексика мазмұн меже тұрғысынан этномәдени сипатта, ал тұрпат меже тұрғысынан жалпытүркілік түбірге қосымшалардың жалғануы арқылы жасалған туынды сөз немесе күрделі сөз, сөз тіркесі түрінде болып келеді. Мысалы: құмық тілінде тёшлюк «жеңсіз жылы мақталы киім», сылапчы «суға түсуге арналып, металдан жасалған кірші», мачийлер «үй аяқ киімі», ичшалвар/акъшалбар «дамбал», бетявлукъ «бет орамал», кирли капут/къаралар «қаралы киім», ичурпакъ/ичгёлек «іш көйлек», тавукъуя «тауық қоры» т.б.; қазақ тілінде: орынбасар, қаламсап, құсбегі, жазбаша, өзінше, қызықты, әдепті, сыртқы, панасыз, ойшыл, оқтаудай, өзімшіл, көйлекшең, сырлас т.б; қырғыз тілінде: азык-түлүк, атала, жарма, сүрөткер, жетекчи, сатуучу, тырмооч т.б; гагауз тілінде: балабан «биік», басма «жаулық», чывдырыг «жынды», гугуш «көгершін», dürüq «бұлыңғыр», yıldırma «қорқыту», dünür «құда», qüdüjü «қойшы», ap «теке», sıpır «шекара» т.б.; түрікмен тілінде: аrtıq «немере», aydıjı «хабаршы», qöqöle «шикі», qolay «жақын», ösüş «өркендеу», yaraşık «әлем», oturdaş «сот» т.б.
Қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар және әзірбайжан, гагауз, түрікмен тілдеріндегі кірме сөздердің денін моңғол, араб, парсы, орыс тілдерінен енген сөздер құрайтын болса, қазіргі түрік тіліндегі кірме сөздердің ең жоғары пайызы араб және парсы тілдерінің, онан кейін француз, итальян, ағылшын, грек, неміс, латын, испан, мажар тілдерін үлесіне тиеді, ал қытай, моңғол, орыс, жапон, армян тілдерінен енген сөздер қатары түрік тілінде біршама аз кездеседі.

Түркі тілдері лексикасының кірме қабаттары тілдік негіз тұрғысынан әр қилы болып келуінің әлеуметтік-саяси және объективтік-тарихи себептері жоқ емес. Мәселен, КСРО құрамында болған қазақ, қырғыз, түрікмен, әзірбайжан, гагауз халықтарының және Ресей Федерациясы құрамында өмір сүріп жатқан башқұрт, құмық, ноғай, татар тәрізді түркі халықтарының тілдеріндегі кірме элементтердің үлес салмағының денін орыс тілінен енген сөздердің құрайды. Бұл тілдерде тұрмыстық (құмық.: палтун, копте, тупли, кета, битон, гипс, паркет, цемент т.б.; қаз.: пальто, кофта, туфли, кеда; бетон, гипс, паркет, цемент; қырғ.: батинке, көлөч, көпөс, бөлкө, чиркөө т.б.) және терминологиялық (компьютер, видеокамера, вентилятор, радиотелефон, пейджер, бюллетень, вариант , йод, калий, калория, кадр, коллекция, ландшафт, облигация, радиолокация т.б.) сипаттағы лексиканың орыс тіліне бағытталуын кеңестік кезеңде біршама жоғары деңгейде дамығын қазақ-орыс; қырғыз-орыс; түрікмен-орыс, әзірбайжан-орыс, гагауз-орыс, құмық-орыс, башқұрт-орыс, құмық-орыс, татар-орыс, башқұрт-орыс (немесе керісінше) қостілділігімен байланыстыруға, сондай-ақ түркітілдес халықтар арасында осы күнге дейін орыс тілінің қоғамдық қарым-қатынастар жүйесінде екінші тіл ретінде актив қолданылуымен түсіндіруге болады.

Жаһандану үдерісінің қарқындылығы, техногендік ақпараттың әлемдік деңгейде біртұтастануы салдарынан бүгінде түркі тілдерінің әр қайсысының сөз қорына ағылшын тілі арқылы еніп жатқан еуропалық жаңа кірме қабатты қалыптастыруда. Мысалы: босс, ария, либретто, тенор, де-бат, апельсин, боцман, мемуар, тендер т.б.

Түркілердің өзге халықтармен тарихи-мәдени, көршілік, сауда-саттық, жаугершілік т.б. қарым-қатынастары олардың әрқайсысының тілінде із-таңбасын қалдырғаны сөзсіз. Мәселен, А.М. Щербак қарайым, чуваш сияқты «шеткері» түркі тілдерін-де, әзірбайжан, гагауз, түрік секілді оғыз тілдерінде моңғолдық элементтердің аздығын, ал моңғолдармен көрші отырған алтай, тува, якут, хақас тәрізді сібірлік түркі тілдерінде, моңғолдармен тарихи және территориялық жағдайларға байланысты тығыз қа-рым-қатынастарда болған қырғыз, қазақ тілдерінде моңғол эле-менттерінің мол екенін айтады [Щербак 1997]. АМ. Щербак: көне түрк. abla-, қаз. aυla-, түркм. āυla-, моңғ. aυla- ‘аулау, аңға шығу’; көне түрк. башқ., өзб., орта моңғ. alda- ‘алдау’; алт., тув. azyra-, қар., қырғ. asra-, чув. usra- ‘жемдеу, асырау, тәрбиелеу’, жазба моңғ. asara- ‘асырап сақтау, тәрбиелеу’; қырғ. barqyra-, якут. baqqyrā- (<barqyrā-), моңғ. barχira- ‘бақыру’; көне түрк. biti-, алт. biči-, тув. biži-, орта моңғ. biti- ~ biči-, моңғ. bič- ‘жазу’; көне түрк. , туркм. bol-, әзерб., түрік. ol-, тат. bul- ‘болу’, жазба моңғ. bol- ‘болу’; алт. bürke-, қырғ. bürkö-, тув. bürge- ‘бүркеу, жабу’, жазба моңғ. bürke- ‘бүркеу, жабу, торлау (бұлт)’ тәрізді түркі және моңғол тілдеріне ортақ болып келетін етістіктердің шығу тегін моңғол тілдерімен байланыстырады [Щербак 1986].

Қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар және әзірбайжан, ғағауз, түрікмен, түрік және т.б. түркі тілдеріне араб сөздері түркілердің мұсылман дінін қабылдауына, араб графикасына негізделген ортағасырлық түркі жазба тілдік дәстүрінің дамуына байланысты енді. Қазіргі қазақ тіліндегі құдай, періште, пайғамбар, жұмақ, тозақ, бейіш, тамұқ, намаз, ораза, молла, жаһаннам, зәмзәм, зәре тәрізді иран тілінен сөздер, қадым, әсел, әріп, әзір, әдет, атлас, ахуал, аманат , ақыр, дүкен, залым, дәріс, ғұрып, қисса, қадір, заман, шайыр, хикая, шариғат , ықылас, ынтымақ арабизмдер түркі тілдерінің көбінде сол тілдің дыбыстық заңдылығына сай бейімделген тұлғада кездеседі. Ал түркі тілдеріндегі парсы сөздерін түркілер мен ирандар арасындағы тарихи-мәдени қарым-қатынастар мен сауда-саттық байланыстардың нәтижесі деуге болады. Мысалы: қырғ.: анар, анжир, бадыраң, багбан, амбар, араа, далис, дарбаза, кыш, мейманкана, терезе, арзан, базар, , тараза, дасторкон, кант, нан, шарап, күрүч, бейшемби, дүйшөмбү, чейрек, чилде, шаршемби т.б.

Қорыта айтқанда, қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар тәрізді қазіргі қыпшақ жазба тілдері мен түрік, әзірбайжан, гагауз, түрікмен тәрізді қазіргі оғыз жазба тілдерінің сөз қазынасының құрамын хронологиялық-генетикалық тұрғыдан:

– түркі, моңғол және тұңғыс-маньчжур тілдерінің генеалогиялық тектестігіне жетелейтін жалпыалтайлық қабат;

– түркі тілдеріне ортақ лексикадан тұратын жалпытүркілік қабат;

– түркі халықтарының әр қайсысының тіршілік-тынысының өзіндік ерекшеліктерін және этникалық мәдениетінің даралық болмысын танытатын байырғы төл лексикалық қабат;

– түркі халықтарының басқа халықтармен болған тарихи-мәдени қарым-қатынастарына байланысты қалыптасқан кірме қабат деп 4 стратиграфиялық қабаттарға бөлуге болады.

Лексика – қоғамдық өзгерістерді бойына тез дарытатын тілдің ең қозғалмалы бөлігі десек те, қазақ, қырғыз, башқұрт, татар, құмық, ноғай, әзірбайжан, түрікмен тілдерінің сөз қоры құрамының жалпытүркілік қабаты сөз қазынасының өзегін құрап, өзгерістерге түбегейлі түспейді. Жалпытүркілік лексикалық қабат түркі тілдерінің жалпыалтайлық қабаты және әр түркі тілдерінің байырғы төл лексикасы арасын жалғастырушы «көпір» қызметін атқара отырып, қоғамның сан алуан саласында болып жатқан өзгерістерге байланысты туындайтын жаңа сөздерге тұғыр болады.

Қазақ, қырғыз, башқұрт, құмық, ноғай, татар және әзірбайжан, гагауз, түрікмен тілдеріндегі кірме сөздердің денін моңғол, араб, парсы, орыс тілдерінен енген сөздер құрайтын болса, қазіргі түрік тіліндегі кірме сөздердің ең жоғары пайызы араб және парсы тілдерінің, онан кейін француз, италия, ағылшын, грек, неміс, латын, испан, мажар тілдерінің үлесіне тиеді, ал қытай, моңғол, орыс, жапон, армян тілдерінен енген сөздер қатары біршама аз болып келеді.

Қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесінде тілдің атқаратын қызметтеріне байланысты жекелеген сөздер пассив сөздерге, қайсыбір сөздер, керісінше, актив қолданыстағы сөздерге айналады. Осы тұрғыдан келгенде соңғы 20 жылда қазақ, қырғыз, башқұрт, татар, құмық, ноғай, әзірбайжан, түрікмен тілдерінде терминологиялық лексиканың жаппай өзгеруі орын алады. Кеңестік кезеңмен пайда болған көптеген терминдер (советизмдер) қолданыстан шығып, тіл-тілдің пассив сөз қорына кетсе, XIX және XX ғ. басында қолданыста болған байырғы төл лексика мен араб-парсы терминологиясы актив қорға оралуда, сондай-ақ сөз қазынасы жаңа сөздермен толығуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *