КӨНЕ ТҮРКІ ТІЛІНДЕГІ ҚАБЫСА БАЙЛАНЫСҚАН СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ

Жуынтаева Замзагул Нагашыбаевна*

Кез келген тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымындағы көптеген құбылыстардың тарихи қалыптасуын ең алдымен көне дәуірден бері сақталып келе жатқан тарихи ескерткіштердің тілдік деректерін жан-жақты зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Олай болса, көне түркі тіліндегі қабыса байланысқан сөз тіркестерінің қалыптасу, даму жолдарын қарастырып көрейік.

Ескерткіштер тіліндегі сөйлем ішінде кездесетін сөздер қалай болса, солай айтыла бермейді. Олар белгілі бір тәртіп бойынша өзара мағыналық және тұлғалық жақтарынан бір-бірімен байланысып келеді. Олар белгілі сөз тіркестерін жасайды. Бірақ сөз тіркестерінің құрамында кездесетін сөздер әр уақыт тең дәрежеде байланыспайды, бірі екіншісіне бағынып байланысады. Осыған орай олар не салаласа, не сабақтаса тіркеседі [Айдаров 1986:108].

Қабысу – түркі тілдерінде, оның бірі қазақ тілінде өте жиі қолданылатын синтаксистік байланыс формасының бірі. Қабыса байланысқан сөз тіркестері өзара ешқандай жалғаусыз, тек орын тәртібі арқылы байланысады. Ескерткіштер тілінде қазіргі қазақ тіліндегідей қабыса байланысқан сөз тіркестерінің сыңары зат есім, сын есім, сан есім, есімше, есімдік сияқты сөз таптарынан жасалады.

Зат есімді сөз тіркестері. Анықтауыштық қатынастағы тіркестерді құрайтын зат есімдер бір-бірімен атау тұлғада қабыса байланысады. Түрк будун (түркі халқы), Алтун йыс (алтын қойнау), Қапаған қаған (Қапаған қаған), Темір қапығ (темір қақпа) т.б. Көне түркі жазбаларында осы тәріздес заттың сапалық қасиеттерін білдіретін сөз тіркестері жиі кездеседі.

Сын есімді сөз тіркестері. Бұлар анықтауыштық қатынаста қолданылады. Анықтауыштық қатынаста жұмсалатын сын есімдер заттың түсін, көлемдік сапасын, бір затқа қатысын т.б. білдіреді. Семіз буқа (семіз бұқа), йірчі йір (жершіл ер), өрүң күмүс (ақ күміс), қызыл қан (қызыл қан), йарақлығ йағы (қарулы жау).

Тоникуқ ескерткіші тілінде Білге Тоникуқ (Білгіш Тоникуқ), туруқ буқа (арық бұқа), Семіз буқа (Семіз бұқа), Күчлүг қаған (күшті қаған), Сарығ алтун (сары алтын), өрүң күмүс (ақ күміс), өңрекі будун (алдыңғы халық), өңрекі ер (алдыңғы ер) тәрізді сын есімді тіркестер кездеседі.

Сын есімдер өздерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай басқа бір сөздің, көбінесе заттың атын білдіретін сөздер жетегінде айтылады. Ү-ҮІІІ ғасыр ескерткіштер тілінде де олар зат есімдердің, арагідік етістіктердің жетегінде айтылып, жалғаусыз, орын тәртібі және дауыс ырғағы арқылы байланыста тіркес құрайтын сөз тобы ретінде көріне бастады. Орхон-Енисей жазбалары тілінде сын есімдермен келген мына сияқты сияқты сөз тіркестері жиі ұшырайды: сарығ алтун, өрүң күмүш …көлүрті (сары алтын, ақ күміс әкелді). Түрк білге қағантма бітідім бен білге Тонықұқ (Түріктегі Білге ханының еліне арнап жаздырдым мен білгір Тонықұқ). Осы сөйлемдердегі сарығ алтун, орүң күмүш, білге Тонықұқ тәрізді сын есімдермен келген сөз тіркестері қазіргі қазақ тіліндегі ақ орамал, сары шаш, білгір кісі тәрізді тіркестерден грамматикалық жағынан болсын, семантикалық жағынан болсын айырмашылығы жоқ [Айдаров 1995:4]

Сапалық сын есімдер мен зат есімдер тіркескенде, мына фактіні еске алу қажет: ескі түркі тілінде сапалық сын есімдер сан жағынан аз болумен қатар, олардың қолданылу сферасы да, мағыналық мәнерлері де шағын болды. Қатыстық сын есімді анықтауыштық сөз тіркестерін жасауда сын есім тудыратын қосымшалардың қызметі ерекше. Мысалы: йарақлық елігін (қарулы қолбасыларын), күнлік бітімін (күндік жазуымды), ічіре ассыз, ташра тонсыз (іші ассыз, тысы киімсіз), чөлгі аз ері бұлтым (шөлдегі аз халқының бір ерін таптым), т.б.

Қазіргі тілде сапалық сын есімдер мен қатыстық сын есімдердің басқа сөздермен тіркесуі байланысу дәрежесі бірдей еместігі мәлім. Ежелгі түркі ескерткіштерінің кейбір фактілері сапалық сын есімдердің өзі қатысты сөзбен осылай байланысының барлық уақытта жүйелі болып келмегендігін аңғартады. Y-YIII ғасыр жазбаларында мынадай фактілер ұшырасады: Қара қамуғ бұбұн анча тіміс – Барлық халық былай деді. Осы сөйлемдегі қара қамуғ бұдұн сөз тіркесі құрамындағы қара сөзі өзі қатысты сөздерге іргелес орналаспай, араларына басқа сөз салып байланысқан. Бұл ескі түркі тілдерінде сапалық сын есімдердің анықталатын сөзбен еркін байланыса беретіндігін көрсетеді [Ағманов 1986:8]. Бұл ерекшелік кейінгі жазба тілде де, сөйлеу тілінде де кездеспейді.

Сан есімді сөз тіркестері. Сан атаулары – өте көне заманнан келе жатқан сөздер, оларды барлық көне жазба ескерткіштерінен кездестіруге болады. Сан есімдер де өзі бағынатын сөздерін сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауыштық есім сөз тіркесі құрамына енеді.

Сан есімдер де өзі бағынатын сөздерін сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауыштық есім сөз тіркестері құрамына енеді. Мұндай тіркестерде сан есімді анықтауыштар өзі бағынышты сөздердің алдында тұрып, онымен қабыса байланысады, ал басыңқы компонент заттың атын білдіретін сөз, не заттық ұғымын жоймаған қатыстық сын есімдер болуы мүмкін. Мысалы: екі үлүгі (екі бөлегі), йеті йүз кісі (жеті жүз кісі), тоқуз оғуз (тоғыз оғыз), екі-үч бың сү (екі-үш мың қол), үч отуз балық (жиырма үш қала), икінті сүңүс (екінші соғыс) т.б.

Сан есім кез келген сандардың бір-бірімен тіркесуі арқылы жасалмайды. Мұнда қалыптасқан белгілі заңдылық бар. Ол заңдылық бойынша тілімізде сан атаулының қайсысының қалай тіркесуі қалыптасқан.

Есептік сан есімдердің тарихында мынадай жайлар болған: көне түркі тілінде бағыныңқы компонентті күрделі сандарды білдіретін есептік сан есімді тіркестердегі сөздердің орналасу тәртібі қазіргі нормадан басқаша болған. Мысалы, беш йігірмі йашымда – он бес жасымда. Бұл көне түркі тіліндегі санаудың тәсілдеріне байланысты [Ағманов 1986:30].

Есімдікті сөз тіркестері. Бу йол (бұл жол), ол суб (ол сөз), ол йер (ол жер), не буңы (не мұңы). Есімдіктердің ішінде сілтеу, сұрау есімдіктері қабыса байланысқан сөз тіркестерін жасауға қатысады. Бұлардың сөз тіркестерін жасауда қазіргі қазақ тілінен айырмашылығы жоқ.

Есімшелі сөз тіркестері. Есімшелі сөз тіркестері – түркі тілдерінде көне дәуірден бері келе жатқан синтаксистік құбылыс. Көне түркі тілінде есімшелер –дуқ, дүк, дұқ, тұқ, мыш, міш, ығма, ігме қосымшалары арқылы жасалған. Бардуқ йірде (барған жерде), келігме беглер (келген бектер), йатығма тағ (жатаған тау), будун болмыш үчүн (халық болғаны үшін). Бұлар – есімшенің көне тұлғалары. Қазіргі тіліміздегі есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтін тұлғалары кейін қалыптасқан. Көне түркі тілінде қазіргі тіліміздегі есімшенің -ар, -ер, -р тұлғалары бізге сол күйінде жеткен. Мысалы: көрур көзім (көрер көзім), білір білігім (білер білімім).
Есімшелі сөз тіркестерінде сөздерді бір-бірімен
тіркестіруші есімше жасайтын жұрнақтар болады. Есімшенің көне тұлғалары: -дұқ/дүк, тұқ/түк, дық/тық. Көне түркі жазба ескерткіштерінде есімшенің төмендегідей тұлғалары да кездескен. -Дуқ, дүк, туқ, түк: келмедук – келмеген, айтдуқ – айтқан. Мұндай сөз тіркестерінде есімшеден болған бағыныңқы компонент басыңқының өткен шақтық мәндегі анықтауыш қызметінде жұмсалады. Бардұқ йірде – барған жерде.

Қазіргі қазақ тілінде -дұқ тұлғалы есім сөз тіркестері түркі тілдерінің оғыз тобында ғана кездеседі. Мұның қалдығын қазақ тілінен де кездестіреміз: қалдық, жастық.

Көне түркі тілінде қабыса байланысқан есімді сөз тіркестерімен қатар етістікті сөз тіркестері де жиі ұшырасады. Мысалы: түн қатдымыз (түн қаттық), бод қалматы (ештеңе қалмады), қаған олурты (қаған көтерді), оғуз клті (оғыз келді).

Ғ.Айдаров «Күлтегін» ескерткішіндегі қабыса байланысқан сөз тіркестерін былай топтастырады:

Меншілікті көрсететін сөздер: беңгү таш – мәңгі тас, табғач будун – табғаш халқы, түрк беглер – түрк бектер.

Георграфиялық атаулар: Өтүкен йыш – Өтукен қойнауы, Шантун йазы – Шантұн жазығы, Темір қапығ – Темір қақпа.

Жыл, ай атаулары: қой йылқа – қой жылғы, бічін йыл – мешін жыл, йетінч ай – жетінші ай.

Өлшемдік қатынастар: ең ілкі – ең ілкі, біш йолы – бес рет [Айдаров 1995:141-142].

Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің құрамы әртүрлі болады. Көне түркі тілінде етістіктермен үстеулер, еліктеуіш сөздер, көсемшелер, сын есімдер, сан есімдер, жалғаусыз зат есімдер қабыса байланыста қолданылады.

Зат есімді сөз тіркестері. Қабыса байланысқан етістікті сөз тіркесінің үлкен бір тобы зат есімді сөз тіркесі болады. Зат есімдер сабақты етістіктермен қабыса тіркесу арқылы әрі мағыналық, әрі грамматикалық тығыз байланыстағы сөздер тобын құрайды. Мысалы: Түрк будун үчүн түн удымадым – түркі халқы үшін түн ұйықтамадым. Кейбір зат есімдер етістіктермен жиі қолданылу нәтижесінде өздерінің бұрынғы дербестігінен айырылып, түйдекті тіркес қалпында баяндауыштың не басқа бір мүшенің құрамына еніп кетеді. Ескерткіштерден мысал келтіретін болсақ: Ануң учун ануң аті Муз тағ турур – Соның үшін оның аты Мұз тау тұрар.

Сын есімді тіркестер. Осы етістіктермен қарым-қатынасқа түскен сөз тіркесінде бағыныңқы мүше құрамында сөз таптарының барлығы да жұмсала береді. Олардың ішінде, орын тәртібі арқылы қабыса байланысатындары – үстеулер, еліктеуіштер, сын есімдер, сан есімдер, есімдіктер, етістіктің көсемше түрі.

Сын есімдердің етістікпен тіркесінің қалыптасуы туралы түркітану және қазақ тіл білімінде әртүрлі пікірлер айтылып келе жатыр. Бұған қатысты А.Казем-Бектің «сын есімдердің саны олардан кейін қандай да бір етістік қолданғанда немесе қолданған сияқты болғанда үстеуге айналады», – деп жазғанын келтіреді Т.Сайрамбаев өз еңбегінде [Сайрамбаев 1981:18]. Етістікті сөз тіркестері құрамында жиі жұмсалатындар – сапалық сын есімдер. Сондықтан олар сөйлем құрамында анықтауышпен қатар пысықтауыш қызметінде де жиі кездеседі.

Сан есімді тіркестер. Сан есімдердің етістікпен тіркесіп келетін тұсы сирек кездеседі. Тілдік деректерге қарағанда, сан есімдер заттық анықтауыштың қасиетін өз бойында үнемі сақтай отырып, зат қимылының мөлшерін білдіруі бірден пайда болмаған сияқты. Көне ескерткіштер тіліндегі сан санау да қазіргі тілдегіден ерекше болып келетіні белгілі. Көне түркі тілінде санау жүйесі қазіргіден басқаша болған. Түркі тілдерінде санаудың екі тәсілі болған. 1. Санаудың алғашқы негізі оннан кейінгі сандарда басқа. Алдымен тиісті бірлік, оған тіркес санап бара жатқан келесі ондық айтылады. (бір отыз – 21, бес отыз – 25). Қазіргі бірсыпыра тілдерде (балқар, сары ұйғыр) осы тәсіл сақталған [Томанов 1988:115]. Мысалы, үч отыз балық – жиырма үш қала.

Есептік сан есімдер түркі тілдерінің барлығында анықтауыштық қатынастағы есім сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары қызметін атқарып, өзі байланысқан сөзді сан-мөлшерлік жағынан айқындайды. Жалпы есептік сан есім мен зат есімдердің анықтауыштық қатынаста жұмсалуы ескерткіштер тілінде кең қолданысқа ие. Сан есім мен зат есімнің тіркесі сөз етіліп отырған екі дастан тілінде де жиі кездеседі. Мысалы: үч нәң (үш нәрсе), бір қапуғ (бір қақпа), үч айығ (үш ай), екә-үч бың сүмүз – екі-үш мың қол, еки ев (екі үй), еки сү – екі қол деген тәрізді сөз тіркестері кездеседі. V-VIII ғас ырлық руникалық жазбаларында жинақтық сан есімдер тәуелдіктің ІІІ жағында ғана берілген: Табғач, оғуз, қытау, бу үчегу қабылсар – Табғач, оғыз, қытаң, бұл үшеуі қосылып. Үчегүн қабысып сүлелім – Үшеуіміз бірігіп шабуылдаймыз.

Үстеулі сөз тіркестері. Көне түркі жазбалары тілінде сөйлемде іс-әрекет, қимыл-қозғалысты білдіретін сөздерді сын есімнен, көсемше, күрделі сөздер немесе септеліп келетін басқа сөз таптарынан болған пысықтауыштар айқындайды. Орхон-Енисей немесе онан кейінгі ескерткіштер тілінде үстеулердің саны көп те емес. Үстеулер, негізінде, етістікпен тіркесе алатын сөз табы деп қаралады. Қысқасы, үстеулі етістік сөз тіркестерінің бағыныңқы компоненттерінің басқа сөз таптарынан үстеуге айналуының бір-ақ жолы бар. Ол – бұл сөздердің етістік жетегінде үнемі пысықтауыштық қызметте ғана жұмсалып, өздерінің бастапқы синтаксистік қызметінен арылуы болып табылады. Тілдің дамуы барысында үстеулі етістік сөз тіркесі құрылымдық жағынан да, мағыналық жағынан да толығып, дамып отырады.

Үстеулер етістікті сөз тіркесінің құрамында пысықтауыштық қатынаста мезгіл, мекен, себеп, мақсат т.б. мағыналарда жұмсалады. Мұндай сөз тіркестерін екі топқа бөлген жөн: 1) негізгі үстеулер қатысты сөз тіркестері; 2) туынды үстеулер қатысты сөз тіркестері. Қабыса байланысқан үстеулі сөз тіркестері көне түркі жазба ескерткіштерінде де кездеседі: қоды бардымыз – төмен бардық, күнтүз олурматы – күндіз отырмады, анча сақантым – сонша ойладым, өртче қызып келті – өртше қызып келді.
Көсемшелі сөз тіркестері. Олар көсемше тұлғаларында оқшау тұрып, күрделі мүшенің, мысалы, баяндауыштың құрамында, сонымен қатар толық мағыналы сөз ретінде етістікпен қабыса байланысып, пысықтауыштық қатынаста да айтылады. Соңғы екі жағдайда да көсемшелі тұлғалар бір етістікті екінші етістікке бағынышты ететін қосымша қызметінде жұмсалады. Сондықтан көсемшелер тек етістіктерге қатысты болып, тек етістіктермен ғана тіркесе алады. Олардың етістіктермен тіркесімділік қасиетін мынадан көруге болады; етістіктердің модальдық, шақтық, қалыптық т.б. мағыналарын түрлендіру үшін немесе кейде әртүрлі пысықтауыштық қатынаста жұмсалу үшін көсемше тұлғалы етістіктер бірінің үстіне бірі жамалып келіп, өзара қабаттаса қолданыла береді.

Қубранып йеті йүз болты – Жиналып жеті жүз болды; Қағаныма өтүнүп сүлетдім – Қағаныма өтініп соғыстым; Үч қаған өглесіп – үш қаған кеңесіп; Санағалы түсүртіміз – санағалы тоқтадық.

Орхон-Енисей ескерткіштерінде қабыса байланысқан есімді, етістікті сөз тіркестерінің молынан кездесетінін аңғардық. Олардың даму жолдарында қазіргі тілімізден айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін байқадық. Тіліміздегі сөз тіркестерінің даму, қалыптасу жолындағы ерекшеліктерінің қазіргі қазақ тілімен сабақтастығы салыстырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *