АПОЛЛОНИЙЛІК ЖӘНЕ ДИОНИЙСИЛІК МӘДЕНИЕТ — Ф. Ницшенің адамдық болмыстың екі бастауы мен мәдениетті типтерді сипаттауға байланысты енгізген ұғымдар. Бұл типтер ойшылдың «Музыка рухынан трагедияның туындауы» атты
еңбегінде тұжырымдалған. А. және Д.м. бастамалары мифол. шығарм.-тың қиялдық бейнелері емес, олар бір болмыстың екі қыры ретінде табиғаттың өзінен нәр алып, көркем өнер тұлғасының бойында тылсымдық бастау ретінде оның ырығын билейді. Бірін-бірі толықтыра отырып, А. және Д. мәдениет ежелгі грек болмысының ғарыштық тұтастығын құрастырады. А. бастау — жарық, салқынқанды пайымдаушы, сыншыл және рационалдық бітімдерде болып келсе, Д. — қызу, күңгірт, шығарм.-сезімдік, органикалық-иррационалдық түрде айқындалады. Дионисийді Аполонның басуы трагедияға әкеледі, ал трагедия, Ницше бойынша, мәдениет дамуының қозғалушы күші болып табылады. Кейінгі Еуропада рационалдық жеңісі рухани мәдениеттің құлдырауына әкеледі. Аполондық бастау, Ницше бойынша пластикалық өнердің бейнелерінде ұяланады. Аполон — үйлесімділіктің құдайы және бүкіл болмыс формаларынан әсемдікті тапқысы келеді. Бірақ бұл әсемдік кейбір жағдайларда химералар тәрізді, адамды ұйқыдағы түс көру мен елес сияқты шатастырып кетуі де мүмкін. Аполон жеке түлғалық принципін жүзеге асырады. Сократ сөзімен айтқанда, «Өзіңді таны!» дейді. Д.Бастау музыка өнерімен түбірлес келеді. Оны түсіндіру мақсатында Ницше мас болу мен түс көруден мысалдар келтіреді. Мүлгіген тұлғалық санада бейнелер калейдос-коптағыдай қисынсыз ауыса береді. Дионис — әлемнің жүрегі, оның сағынуы мен асқақтануы. Ретсіз хаостан да ырғақ табуға болады. Д. мәдениет адамның тылсым дүниесінің шексіздігін білдіреді. Д. экстаз тоқтаусыз қайнап жатқан тіршілік ағынан ену болып табылады. А. және Д. м. адамзаттың рухани тарихындағы әсерлі әрі мазмұнды символдарға жатады.