ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА НЕГІЗДЕРІ САБАҒЫНДА ОҚЫЛҒАН МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАЙТАЛАУ, ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ БАҒАЛАУ ӘДІСТЕМЕСІ

Мақсаты: Құқық және экономика сабағында алынған білімді қайталау, тексеру, бағалаудың жаңашыл әдістерін түсіндіру.

Жоспар:

  1. Құқық және экономика сабағында алынған білімді қайталау – құқықтық білімді тереңдетудің жолы.
  2. Құқықтық және экономикалық білімді тексерудің жолдары: ауызша және жазбаша.
  3. Оқушылар білімін бағалау нысандары мен критерийлері.

Оқушылардың білімін, біліктілігін, ойлау қызметінің даму дәрежесін тексеру аса маңызды жұмыс болғандықтан оны үлкен дайындықпен және жауапкершілікпен, жоспарлы түрде жүргізіп отыру қажет.  Мұғалім оқушылардың білімін бағалауда оған қойылатын талаптарды білгені дұрыс. Олар:

  1. Білім бағалаудың ең қолайлы жолы ауызша тексеру. Бұлай тексеру оқушылардың ойлау, сөйлеу қабілетін арттыратыны бәрімізге белгілі. Оқушы білімін ауызша бағалауда мұғалім оның тілінің жатық, ұғынықты болуын талап етеді. Бұл жағдайда оқушы шапшаң болуға, жинақталуға, жауапты сындарлы беруге тырысады. Оқушының ауызша жауап беруі өзіне ғана емес, басқа оқушыларға да тиімді, себебі ол жауап берген кезде оны басқа оқушылар тыңдап қана қоймай, түзетуге, толықтыруға талаптанады. Оқушы ауызша жауап беруде кестемен, тақтамен т.б. бір мезгілде жұмыс істейді. Оқушының ауызша жауабын барлық оқушылармен бірге мұғалім де мұхият тыңдай отырып, оның толықтығына, беріктігіне, оқушыда тәрбиеліліктің қалыптасу дәрежесіне назар аударғаны, оның ойлау қызметінің даму дәрежесін анықтағаны дұрыс. Ол үшін төмендегі талаптарды ескеру керек:

а)      оқушы  берілген сұраққа ғана жауап бермей, оны басқа пәндерде кездесетін ұғымдармен салыстыра отырып ашатын болса, онда оқушының білімі толық деп есептелінеді;

ә)       оқушы  сұрақтың  негізгі  мәнін өз бетімен ізденіп тапқан материалдар арқылы ашып көрсетсе, онда оқушының білімін терең меңгерілген деп есептеуге болады;

б)      оқушы меңгерген білімін өзінің ішкі сезімдері арқылы тұжырымдап, оған баға бере алатын болса онда, оқушы білімін жоғары деп бағалауға болады.

         Мұғалім оқушы білімін бағалағанда оның тек сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, сол сұрақтың айналасында мәселе көтеріп, артықшылықтар мен кемшіліктерді анықтап, кемшіліктерді жоюға болатын шараларды ұсынуына дейін  талаптандыруы керек.

         Мұғалім оқушылардың жұмысын бағалағанда аталғандардан басқа да жағдайларға мән беруі  керек. Бұл орайда Б.Кенжебеков ұсынған оқушылардың  сарамандық жұмыстарын тексеру және бағалау барысындағы ұсынған арнайы кестесін қолдануға болады.

 

Жұмсалған жұмыс уақыты бойынша қойылатын орындау деңгейлері:

 

 

р/с

Жұмысты тексеруге өткізу кезеңі

                     Деңгей

1

1 – 5

5

2

6 – 8

4

3

9 – 12

3

4

13 – 16

2

 

Нысанды тексеру топтарындағы орындау талаптары бойынша қойылатын деңгей бағасы мен критерийлері:

 

   Нысан

«30» балл

«24» балл

«18» балл

«12» балл

«6» балл

  Тексеру

 5 деңгей

4 деңгей

3 деңгей

2 деңгей

1 деңгей

 

1  деңгей –     оқушы  оқығанын, түсінгенін қайталап айтып береді;

         2  деңгей –      оқушы  өз сөзімен еркін айтады, дәлелдейді;

3 деңгей — оқушы сұрақ жауабын өздігімен тұжырымдап,

қорытындылайды;

4 деңгей – оқушы аталғандарға қоса, өзінің шығармашылық ойын

ұштайды;

5  деңгей — аталмыш мәселенің артықшылығы мен жетістіктерін анықтап қана қоймай, кемшіліктерді болдырмауда өз ұсыныстарын береді.

         Ғалым Т.Тұрлығұл  «Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі» еңбегінде оқушылар білімін деңгейлерге бөлу туралы ұсынысын берген.  Олар   міндетті  және мүмкін деңгейлер. Оқушы берілген сұрақтың ең негізгі білім элементтерін білсе,  мәселен  құқықтың анықтамасын, негізгі белгілерін, субъектілерін, құқықтық қатынастар салдарын айтып бере алса, онда ол осы сұрақтың жауабын міндетті деңгей көлемінде білгені. Ал  оқушы құқықтың  пайда болу себептерін  нақтылап көрсете білсе, оның жүйелерін басқа жүйемен салыстырса, құқықтық қатынастардағы тұлғалардың алатын орнын, яғни  құқықтық  мәртебесін  көрсетіп бере алса, оның кестесін құрастырып қана емес, талдай білсе, маңыздылығын аша білсе, онда бұл жауап мүмкін деңгейге жеткен деп бағаланады.  Мүмкін  деңгейге шек қойылмайды. Сұрақтар жауабын бұлайша екі деңгеймен анықтау да оқушының  білім    дәрежесін  нақты  көрсете алмайды. Сондықтан  әрбір  пәннің әдіскер — мамандары оқушылардың білім дәрежелерін бағалауда өз тәжірибелерін ұсынуда.Оқушылар білімін тексерудің  ауызша  және  жазбаша нысандары кең таралған. Оқушылардың білімін ауызша нысанда тексергенде мұғалім оқушының ойлау қабілетін,  өз ойын жеткізе алу шеберлігін есепке алуы қажет.

         Оқушылардың  білімін мұғалім жаңа материалды  өткеннен кейін де тексеруіне болады.  Мұнда оқушылардың құқықтық ұғымдарды, құқықтық нормаларды қаншалықты түсінгендігі анықталады. Бағалау міндетті түрде сұрақ арқылы емес, әңгіме ретінде де болуы мүмкін, мысалы құқықтық ситуацияны айта отырып, оқушылардың шешімін тыңдауға болады, бұл жағдайда мұғалім оқушының ойлау қабілетін, шапшаңдығын, құқықтық нормалармен жұмыс істей алу қабілеттілігін анықтай алады.

         Өткен тақырыпты оқушының қаншалықты деңгейде меңгергенін оқушының өзіне қорытынды жасату арқылы, құқықтық ситуацияға қатысты өз пікірін білдіру, заңдылық кеңес беруі арқылы да анықтауға болады. Оқушы білімін тексеру сабақ барысы бойында жүргізіліп отырады, яғни үй тапсырмасын айту, жаңа тақырыпқа белсенді қатысып отыру, пысықтау сұрақтарына жауап беру т.с.с.

         Оқушының білімін жазбаша түрде тексерудің де бірнеше тәсілдерін қолдануға болады. Ол үшін мұғалім алдын – ала оқушыларға жазбаша нысанда берілетін сұрақтарды даярлауы қажет. Құқық негіздері сабағындағы жазбаша сұрақтардың ең қолайлы түрі, әр оқушыға әр түрлі құқықтық ситуация беру. Бұл жерде мұғалім  оқушының қабілеттерін ескеріп отырады.  Мұндай жазбаша жұмыс бір мезгілде оқушының құқықтық нормалармен жұмыс істеу қабілеттерін де арттырады. Өзі шешімін тапқан құқықтық жағдайды есінде сақтап қалады, заңдардан мағлұмат алады. Оқушы білімін жазбаша тексеруге мұғалім бір сабақты түгелдей арнауына да болады. Бұл  сабақтың ерекшелігі, берілетін сұрақтардың  мазмұнды,  күрделі келуінде.

Оқушы білімін тексеруде қайталау сабақтарының да маңызы өте зор. Бұл көбінесе оқу тоқсанының аяқталуына байланысты жүргізіледі. Қайталау сабағы оқытудың нәтижесін анықтауға көп пайдасы бар.

Оқушылар білімін  жазбаша тексерудің тағы бір әдісі — тест әдісі. Бұл қазіргі кездегі жаңаша оқыту талабы. Тестік сұрақтарды құрастыруда, сұрақтардың қиындық деңгейін анықтап, сол арқылы оқушыларға берілуі керек, яғни жеңіл сұрақтарға жауап берген оқушыны тестік екінші деңгейдегі сұрақтарға көшіру қажет. Қорыта айтқанда «қарапайымнан – күрделіге» қарай қадам басу керек. Сондықтан тестік сұрақтарды құрастыруда мұғалім  оны өткізудің ғылыми — әдістемелік жолдарымен танысқаны жөн. Бұл салада әдістемелік құралдар баршылық. Тестік сұрақтар арқылы білім тексеру аз уақытта көп оқушының білімін тексеріп, мұғалімнің уақытын үнемдейді.

Оқушылар білімін тексеруде үнемі бір әдісті қолдана беруге болмайды, себебі ол қателікке ұрындырып, оқушы білімін объективті бағалаудан алшақтатады. Сондықтан оқушының білімін тексеруде барлық нысанның қолданылып,  барынша объективті баға қойылғаны дұрыс.

 Талқылау сұрақтары:

Ұсынылған әдебиеттер:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *