Философия мен қазіргі ғылымның өзара байланысы

 

Биылғы жылдың өзіндік дараланған ерекшелігі – ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі төл тарихымызды терең ғылыми зерделеуден өткізуге бетбұрғанымызда болып отыр. 
Өркениетті дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыламыз деген ниетімізді қоғамның рухани жадымен астастыра қарастырудың өзі оңды қадам екені анық. Қазақ халқы ертеден даналыққа құмар халық. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі философия саласының жай-күйі қандай екен деген сауал туындайды. Философияның өзі ежелгі мифтердің, аңыздардың негізінде қалыптасса, қазіргі әр алуан ғылымдардың түрлері алғашқы философиялық жүйелерден бөлініп шыққан. Сондықтан ғылым мен білімге, өркениет пен мәдениетке, дін мен ділге, тұлға мен қоғамға біртұтас дүниетанымдық және әдіснамалық негіз болатын философияның қыры мен сырын біле түскеннен ұтылмаймыз, керісінше, азаматтарымыз рухани және зияткерлік сипатта байи түседі. Осы мәселелер ауқымында қазақстандық философ-ғалымдарымызды ой бөлісуге шақырған едік. Алдымен қазақстандық философияның қазіргі замандағы ахуалын, өзекті мәселелерін білу үшін Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Серік Есентайұлын сөзге тарттық.

Серік НҰРМҰРАТОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Шынында да, биылғы жыл тек тарихшы мамандар үшін ғана емес еліміздің философия саласының қауымдастығына да үлкен белесті, көрнекті жыл болып отыр. Жақында Алматы қаласында 27-28 қыркүйек аралығында біздің Философия, саясаттану және дінтану институтының бастамасымен, оның директоры ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Зарема Шәукенованың басшылығымен өтетін І Қазақстандық философиялық конгресс еліміздегі философ мамандардың шығармашылыққа толы ғылыми және ағартушылық қызметтеріне жарқын дем беретініне күмәнданбаймыз. Конгресс тақырыбы: «Қазіргі әлемдегі философия: даму стратегиясы» деп аталады және онда отандық философияның теориялық және қолданбалы өзекті проблемалары талқыланып, проблемаларды ғылыми-зерттеу мен оқыту өзара бірлікте қарастырылады. Әсіресе, алғашқы рет жоғары оқу орындарындағы философия пәнін дәрістеудің маңызды тұстары кеңінен талқыланады. Еліміздегі барлық философ мамандар жайлы мағлұмат беретін анықтамалық жинақ жарыққа шығарылады. Еліміздің барлық түкпірлерінде қызмет атқарып жатқан әріптестеріміздің басын қосқан республикалық философиялық қоғам құрылады. Жақын және алыс шетелдерден, әсіресе, Германия, Ресей, Әзірбайжан сияқты елдерден Абдусалам Гусейнов, Владислав Лекторский, Владимир Миронов, Иоганн Рау, Ильхам Мамед-заде, Нұр Қирабаев сынды белгілі мамандар конгреске шақырылып отыр. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Отанымызда кәсіби философияның негізі қаланып, «Алматылық философия мектебі» деген құрметті атаққа ие болған ағабуын мамандардың еңбегі жалғасын табуда. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде адамның даналығын жүйелейтін, ұлт санасының өзіндік кемелденгендігін, біртұтастанғанын білдіретін рухани әлемді қалыптастыру маңызды болып отыр. Қалыптасқан мемлекеттің лайықты философиялық әлемі болуы керек. Жақында осы жылдың тамыз айының басында Афиныда «Философия – таным формасы және өмір салты» деген тақырыпта әлемдік философиялық конгресс өтті. Бұл жиынға әлемнің көптеген елдерінен 3000-нан аса қатысушылар философияның елу шақты бағыты бойынша пікір алысулар өткізді. Біздің елімізден 15 маман-философ қатысып, елімізде бұл саладан біршама биік деңгейіміз бар екенін таныта алды. Еліміздегі философиялық мәдениеттің деңгейін көтеруге, жетілдіруге атсалысып жүрген әріптестеріміз Отанымыз – Қазақстанның табысты болашағын ойлай отырып, ең маңызды мәселе – адамның рухани қалыптасуы мен оның өмірінің мәнін айқындауды байыптаумен айналысуда.

– Әбдімәлік аға, қазақ тумысынан философ халық деп жүрміз ғой. Осыған орай қазақ философиясының ерекшеліктері, оның мәні мен маңызы қандай? Біз қазақтың рухани бейнесін замандастарымызға, бүгінгі әлемге таныта алдық па?

 

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, ҰҒА академигі:

– Жалпы адамзаттың болашағы адамшылық пен руханиятты барынша да-мытуда екені даусыз. Бәсекеге қабілетті адам болу, толық, рухани жағынан жетілген адам қалыптастыру бүгінгі күннің өскелең талабы. Руханият дамы-маған жерде әртүрлі кикілжің де, қақтығыс та көп болады. Басты ұстындары-ның бірі толеранттық болатын қазақ философиясы еліміздің бірлігінің рухани тірегі болып табылады. Руханияты мен мәдениеті жоғары халықтың болашағы да жарқын және айқын.

Философияның негізгі мәселесі адам мен әлемнің арақатынасы, адам, оның өмірі мен дүниетанымы, құндылықтары, бостандығы мен құқықтары. Ал адам өмірінің мәні оның руханиятымен тікелей астасып жатыр. Адам өзінің бойындағы рухын асқақтата, рухани қуатын әлемге паш етуі арқылы өзінің өмірінің мәнін рауаждайды. Әрине, тарихта ешнәрсе ізсіз жоғалып кетпейді, ол рухани құбылыс ретінде ұлттың өзіндік санасындағы кейбір бейсаналық қабаттарда, рухани салаларға жататын ұлттық өнері мен аңыздарында, халықтың дүниетанымдық, әлеуметтік-мәдени және құндылықтық бағдар-ламаларында қордаланады. Қазақ халқының тарихи дәстүрлі және қазіргі руханиятының бастауларына әлеуметтік-мәдени және тарихи-философиялық пайымдаулар жасау маңызды болғандықтан өткен ғасырдың 90-жылдарының басында институтта алғаш рет «қазақ философиясының тарихын» зерттейтін арнаулы бөлім аштым, оның алғашқы меңгерушісі – профессор М.Орынбеков болды. Шығыс халықтарында философиялар көп болған. Солардың бірі қазақ және түркі философиясы. Әлемде қанша жетілген ұлттық мәдениеттер бар болса, сонша ұлттық философиялардың болатындығы белгілі. Қазіргі қазақ философиясының мәні барлық жағынан алғандағы еркіндік және еркін ойлайтын тұлғаны қалыптастыру мәселесі болуы керек деп ойлаймын. Өзімізді-өзіміз танып-біліп барып, өзімізді басқаға танытуымыз керек.

Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиясы батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтел-дерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұл-ғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ философиясы – шығыстық философиядағы ең толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қас-терлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия. Қазақ халқының философиясын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру нұсқасы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын салыстырмалы герменевтикалық тұрғыдан жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету қажеттілігі туындайды. Егер қазіргі заманғы «шынайы» философияның өлшемі ретінде тек батыстық модельді алатын болсақ, онда одан ұқсамайтын, сәйкес келмейтін барлық ұлттық философиялар «философия» деп атаудан қалады. Дегенмен философияның басқа формалары, философиялық пайымдаудың жаңа типтері болуы заңды. Қазақтар әлемді ұғымдық мағынада шегелеп көрсетуден гөрі, көркем бейнелермен астарлап өрнектегенді жоғары қойған халықтардың қатарына жатады. Бүгінгі Қазақстандағы философияның алдында жаңа әлеуметтік және саяси шындықты күрделі мағынасын ашу, қазіргі кезеңнің қайшылықтары мен ерекшеліктерін анықтау тұр. Тәуелсіз еліміздің жаңа құндылықтарға бағыт ұстауы Қазақстанның орнықты инновациялық дамуына негіз болады.

Қазақ философиясы – қазақ тарихы мен қазақ әдебиеті сияқты әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеудің әдіснамалық және дүниетанымдық негізі. Біздің институтта профессор Серік Нұрмұратов екеуміздің ғылыми жетекшілігімізбен «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ философиясының тарихы» атты 5 томдық іргелі зерттеудің алғашқы екі томы (2012–2014 ж ж.) бойынша зерттеу жұмыстары келесі жылдың аяғында аяқталады. Қалған үш томы бойынша зерттеу жұмыстары одан ары жалғаспақ. Қазақ халқының этнофилософиясының мазмұнды тұстарын жақсы көрсете білген сайын ұлтымыздың рухани дүниесі кеңиді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *