XVIII ғасырдың ІІ-жартысы ХІХ ғасырдың І-жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы

 

 Дәрістің мазмұны:

  1. 1836-1838 жылдардағы Ішкі ордадағы шаруалар көтерілісі, Бөкей хандығының құрылуы.
  2. Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі.
  3. 1836-1838 ж.ж. көтерілістің жеңілу себептері.

 

  1. 1836-1838 жылдардағы Ішкі ордадағы шаруалар көтерілісі, Бөкей хандығының құрылуы.

Кіші жүз үш жүз ішіндегі ең көп аумақты иеленген: Жайық пен Тобылдан бастап, Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі жер (850000 шақырым). 1801 жылғы 11 наурыз – император І Павелдің жарлығымен Кішіжүз қазақтарының Жайық пен Еділ аралығында көшіп-қонуы заңдастырылып, Бөкей хандығы (Ішкі орда) құрылды. І Павел мақсаты: қазақтардың жер үшін күресін әлсірету; Ресейдің саяси билік аясын кеңейту; қазақтармен сауда жасау арқылы пайда түсіру; Кіші жүздегі жағдайды тыныштандыру.

Бөкей Нұралыұлы алғашқыда елін сұлтандық дәрежеде басқарды, 1812 жылдан хан атанды.

Патша үкіметіне арқа сүйеген Жәңгір хан (1823-1845 ж.ж. шын есімі Жиһангер, Әбілхайырдың шөбересі, Бөкейдің баласы) Орданы басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізді:

— Патша үкіметі қаражатымен 1827 жылы Жасқұс деген жерде хан сарайы салынды;

— 1827 жылы 12 биден құралған хандық кеңес ұйымдастырылды;

— 12 старшындық топ құрылып, баж салығының жиналуын қадағалады;

— Көшпенділерді отаршылықтандыруға, сауданың дамуына, мектептер ашуға көңіл бөлді.

  1.   Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі.

Исатай 1791 жылы туған, оның азаматтық көзқарасының қалытасуына нағашысы Жабай Бегалыұлы зор ықпал етті. Бөкей хан Исатайды 1812 жылы 21 жасында Беріш руының Жайық бөлімінің старшыны (ағаманы) етіп тағайындап, 1814 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы старшындыққа бекітті. 1817 жылдан бастап батырдың патша чиновниктерімен байланысы салқындай бастады. 1817, 1823 жылдары Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен сотқа тартылды. Исатайдың ең жақын серігі – ақын, Беріш руының старшыны Махамбет Өтемісұлы. (1804-1846 ж.ж.)

1829 жылы 15 шілде – 1830 жылы қыркүйек аралығында Махамбет Калмыков түрмесіне қамалды. Оған халық арасында хан иелігінен кетуге және Жайықтың сол жағасына өтуге үгіт жүргізді деген айып тағылды. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф В.И. Дальмен және оқымысты саяхатшы Г.С. Карелинмен тығыз қарым-қатынаста болды. Махамбеттің өлеңдерінен Кіші жүзді қамтыған көтерілістің мақсаттарын, басты талаптарын айқындауға болады.

Көтерілістің басты мақсаты:

— Хан озбырлығына шек қою;

— Шаруалар жағдайын жақсарту;

— Жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту;

— Әскери бекіністердің салынуын тоқтату.

1836 жылы ақпанның басында басталған көтеріліс халық-азаттық сипатта болып, Қарауылқожаны биліктен тайдыруға, ханның жарлықтарын мойындамауға шақырды.   

  1. 1836-1838 ж.ж. көтерілістің жеңілу себептері.

Үстем тап өкілдерінің опасыздығы, көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы. Қару-жарақтың теңсіздігі, стихилылығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі. Көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы.

Көтерілісшілерді жазалау шаралары:

  • 500 адамдық сапта дүре соғылып, 8 жылға Ригаға қара жұмысқа айдалды.
  • Тұзға салынған мың шыбықпен дүре соғылып, Сібірге айдалды.
  • Соққыға жығып, солдатқа жіберілді.
  • 20-дан 50-ге дейін дүре соғылды.

Нәтижесі: салық мөлшеріне шек қойылды; патша үкіметі қазақ старшындарымен санасатын болды; Ішкі Ордадағы хандық биліктің әлсірегендігін дәлелдеді; қазақ феодалдарының отаршылдық басқарумен байланыста екенін көрсетті; әртүрлі халықтардың қанаушыларға қарсы бірігіп күресуінің негізі қаланды.

Тарихи маңызы: ХІХ ғасырдың 30 жылдарындағы ірі әлеуметтік ұлт-азаттық қозғалыс. Отаршылдыққа қарсы бағытталды. Ресейдегі азаттық қозғалыстың құрамдас бөлігі.     

                     Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістер және Бөкей хандығының құрылуы.
  2. Қазақстанның саяси құрылысындағы өзгерістер.
  3. Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі.
  4. Көтерілістің басты мақсаты.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 335-342 б.б.
  2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003ж. 137-139 б.б.
  3. «Қазақстан тарихы» очерктер А; 1994ж. 164-165 б.б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *