Қазақстан 50-жылдардың 2-шi жартысымен 60-шы жылдардағы саяси, әлеуметтiк және экономикалық жағдай

 

Дәрістің мазмұны:

1.Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.

2.Волюнтаризммен субъективизмнiң көрiнiстерi.

 

1.Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.

 Сталин қайтыс болғаннан кейiн 50-жылдардың орта шенiнен бастап жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жоюға, социалистiк заңдылықты қалпына келтiруге бағытталған бiрсыпыра шаралар iске асырылды. 1956 жылы ақпан айында өткен партияның ХХ съезi Сталиннiң жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, партия тұрмысының нормаларын қалпына келтiру, iшкi партиялық демократияны өрiстету бағытында жүргiзiлiп жатқан жұмыстарды құптады. “Жылымық жылдары” деген атпен тарихқа енген 50-жылдардың екiншi жартысынан былайғы кезеңде көптеген игi iс атқарылды.

КСРО-да 1989 жылы «Известия КПСС» журналында 33 жылдан кейін ғана Н.С. Хрущевтің баяндамасы жарияланды. 1953-1955 жылдар – Н.С. Хрущевтің бастамасымен ГУЛАГ жойылды. Бұл – кеңес қоғамын сталинизмнен құтқарудағы адамгершілік акт, маңызды қадам. Лагерьлерге жазықсыз отырғызылған мыңдаған адамдарды босатып, белгілі партия қайраткерлері Я.Рудзудакты, А.Рыковты, В.Чубарьды ақтады.

Мемлекет басшылығы шалағай саясат жүргізді. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау реформасы аяқсыз қалдырылды. Кәрістердің, немістердің, Қырым татарларының, Месхеті түріктерінің құқықтары қалпына келтірілмеді. Одақтас республикалардың құқыларын кеңейтуге бағытталған тұжырымдама толық жүзеге асырылмады. Экономикалық артта қалу себептерін ашу әрекеттеріне тиым салынды. Қоғамды басқару құрылымы «жоғарыдан төменге қарай» ұстанымына (принципіне) негізделді. Саяси көзқарасы үшін қудалау орын алып, «халық жауы» немесе «ұлтшыл» айыптарының орнына «өзгеше ойлайтындар» айыбы тағылды. Шығыс Қазақстан мектебінің мұғалімі М.Елекбаев Н.С. Хрущевтің атына хат жазып, өзінің дәлелді ұсыныстарын айтты: Қахақстанның тәуелсіздігінің сөз жүзінде екендігі туралы; даңғаза айқай-шумен өтетін сайлаулардың мәнсіздігі туралы; ұлт саясатын жүргізуде әділетсіздікке жол берілетіндігі туралы; қазақ тіліндегі мектептер санының азаюы, оқу құралдарының жетіспеуі, мұғалімдердің жұмысыз қалу айғақтары туралы; жазықсыз қудалауға ұшыраған ауылдасы, майдангер мұғалім, ұлты татар М.Сүлеймановты қорғайтындығы туралы. 1957 жылғы 16-шілде – М.Елікбаевты партия қатарынан шығарды. Әділетсіздікке көнбеген мұғалімді күштеп жындыханаға жатқызды.      

1960-1964 жылдары қоғамдық саясаттың ерекше белгiсi, оның қайшылығы мен жеке адамға табынуды жою процесiнiң нақты жетiстiктерi экономикалық дамудың белгiлi бiр табыстары едi. Сонымен қатар, бұл кезде қияли, утопиялық жоспарлар, iшкi партиялық, қоғамдық өмiрдi демократияландыруға қадамдар жасау және Хрущевтiң өзiнiң жеке басына табынудың күрт күшеюi сияқты қайшылықтар көрiнiс бердi.

2.Волюнтаризммен субъективизмнiң көрiнiстерi.

Партияның ХХII съезiнде (1961 ж.) КОКП-нiң жаңа Бағдарламасы туралы айта келiп, Хрущев: “бұл коммунизмнiң материалдық-техникалық базасын салу бағдарламасы, бұрынғылардан оның өзгешелiгi – ол 20 жылға есептелген шынайы бағдарлама” деп мәлiмдедi. Бұл кезеңнiң соныңда коммунизмнiң базасы жасалып бiтедi, сөйтiп “кеңес адамдарының қазiргi ұрпағы коммунизм тұсында өмiр сүретiн болады”. Осынау сөздер ондаған миллион кеңес адамдарын шабыттандырып, оларды жанқиярлықпен еңбек етуге шақырды. Хрущев бүгiнгi қиындықтар уақытша, 20 жылдан кейiн кеңес адамдарын тек жақсы өмiр ғана емес, коммунизмнiң басталуы күтiп тұр деп дәмелендiрдi.

1962 жыл – Қазақстанда халық шаруашылық кеңестерін ірілендіру мақсатында реформа жасалды: Партия орындары өндірістік белгі бойынша қайта құрылды. 1962 жылғы реформаның кемшіліктері:

— Партиялық және мемлекеттік аппараттың басқару қабілетіне сенушіліктен туған, ғылыми тұрғыдан негізделмеген шешім болды.

— Аппарттық басқарудың нәтижесіздігі көрінді.

— Ел басшылығының саяси реформа жүргізу қажеттілігін түсінуге қабілетсіздігі байқалды.

Жасалған реформалар басқару аппаратындағы абдыраушылықты, бесжылдық жоспардың орындалуындағы іркелістердітуғызды. 1956-1960 жылдарға арналған бесжылдық жоспар (1959-1965 жылдарға арналған) жетіжылдық жоспармен ауыстырылды. Жан басына шаққанда өнім өндіруден дамыған капиталистік елдерді ең қысқа мерзімде қуып жетіп, басып озу міндеті қойылды.

         Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.
  2. Шығыс Қазақстанның мұғалімі М.Елекбаевтың ұсыныстары.
  3. Волюнтаризммен субъективизмнің көріністері.
  4. Республикада жүргізілген шаруашылық реформалар және оның нәтижелері.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 200-206 б.б.
  2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 265-274 б.б.
  3. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 180 б.
  4. «Қазақ тарихы» жур. А;1995 ж. №4 57-59 б.б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *