Монғол басқыншыларының Қазақстан мен Орта Азияны жаулауы

 

Дәрістің мазмұны: 1. Қазақстан қалаларының қорғанысы.

  1. Шапқыншылықтың зардаптары.    

 

  1. Қазақстан қалаларының қорғанысы.

            Шыңғысхан өзінің көрші жатқан елдерін жаулап болған соң Қазақстан мен Орта Азияға одан әрі Батысқа қарай жылжуды көздейді. Деректемелердің хабарларына қарағанда, Шыңғысхан бұл жорыққа өте ұқыпты дайындалған. Ол Орта Азиядан, Қазақстаннан келген көпестер мен саудагерлерден Хорезм шахының, қарақытайлардың, қарахандардың ішкі саяси жағдайы туралы, олардың бір-бірімен қарым-қатынастарын, әскерлерінің құрамы туралы мәліметтер алып отырған. Сондай мәліметтің бірі қарақытайлықтармен Күшілік ханның жергілікті халыққа мұсылман дінін ұстауға тиым салуы. Арслан хан мұсылман діні үшін қарақытайларға қарсы күреске, Жетісу жеріне келіп кірген. Бұл жағдайда Шыңғысханның әскер басшылары дер кезінде пайдалана білді. 1218 ж. Жебе бастаған әскерлер Жетісуға кірсе, екіншіден Жебе өзінің әскерлеріне бейбіт халықтың мал-мүлкін тонамауды жариялайды. Найман ханы Күшілік пен қарақытайлардан ауыр зардап, зәбір көріп отырған жергілікті халық моңғол жаулаушыларына аса қатты қарсылықтар көрсете де қоймаған. Көптеген қалалар ешбір қарсылықсыз берілген. Қарахан мемлекетінің орталығы болған атақты Баласағұн қаласының өзі, моңғолдарға қарсылық көрсетпеген. Қаланы моңғолша «гобалық» — жасқы қала деп атаған. Әрине, бұл моңғол басшыларының уақытша көрсеткен сыпайылығы еді. Найман ханы Күшілік Бадақшан қаласында қолға түсіріліп, ауыр жазаланды.

                Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияға қарай моңғол шапқыншылығы біршама тездей түседі. Оған басты себеп «Отырар опаты» болған тәрізді. Шыңғысхан жіберген 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1818 жылдың жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Бұл керуеннің сауда жұмысынан гөрі жансыздық іс-әрекетінің басымдығын сезген, Отырар билеушісі Қайыр хан Инаншық Хорезм шахпен келісе отырып, керуенді тұтқындап адамдарын қырғынға ұшыратады. Енді Шыңғысхан Хорезм шахы алдында Қайыр ханды қолыма бер деген талап қояды. Бірақ осы талапты айтуға келген елшілер де өлтіріледі.Жағдайды пайдаланған Шыңғысхан бұларға қарсы қауырт соғысты бастайды.

                Жорық 1219 жылдық қыркүйек айында басталды. Шамамен 150 мың әскер жинаған Шыңғысхан Ертістен Сырдарияға қарай бет алды. Отырарға жеткенде моңғол әскері төртке бөлінеді: Біріншісі  — Шыңғысханның екі ұлы Шағатай мен Үгедей Отырарды қоршауға қалады. Екінші Жошы бастаған әскерлер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғысхан кіші баласы Төлемен Бұқараға қарай бет алды.

Отырар билеушісі Қайыр хан қол астында шамамен 20-50000 әскер бар еді. Қаланы қоршау 5 айға жуық созылды. Хорезмдік әскер басы Қараджа Хаджының сатқындығының нәтижесінде жау қалаға кіреді. 1220 жылдың ақпанында Отырар толығымен жау қолына көшті. Қайыр хан қолға түсіріліп ауыр жазаланды.

Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы Сыр бойындағы қыпшақтардың астанасы Сығанақ қаласын жеті күн және жеті түн қоршады. Ақыры басып алған соң тұрғындарын түгелдей қырып тастады.

Шыңғысхан қолы Сырдың боыймен жүріп отырып, Үзкент және Барышкент қалаларын қарсылықсыз-ақ алды. Ашнас қаласын қорғаған кедейлер қатты қарсылық көрсетті. Бірақ көш тең емес еді. Қала халқының қырылып кетті. Бұдан кейін Жент пен Янгикент қалалары құлады. Осының бәрі 1219-1220 жылдардың қысы мен көктемінде болған оқиғалар. Ал 1221 жылы. Үргеніш қаласын бағындырған соң Аралдың Солтүстік шығысындағы елді мекендерге бет алды. Қыпшақтар қатты қарсылық көрсеткенімен ең соңында тізе бүгуге мәжбүр болды.

Жаулап алу барысында монғол шапқыншылары халықты бағындырудың сан алуан түрлерін (дипломатиялық тәсілді, жансыздарды, үрей туғызуды, арандатуды, кепілдік, аманаталуды, т.б. қолданды. Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шыңғысхан  жаппай террор мен зорлық – зомбылық, тұтас аудандарды ойрандау әдісін қолданды. Сырдария өңіріндегі қалалар мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан қалалрымен елді мекендері осындай саясаттың құрбаны болды.

Қорыта келгенде бұл кезде Шыңғысханның жағында көптеген жергілікті феодалдар болды. Жергілікті халық басқыншыға қарсы ерлікпен күресті. Парсы тарихшысы Жувейнидің айтуынша, бес ай қоршауда тұрып, қалың жаумен шайқасқан Отырар жұртында аштық басталды. Осыған шыдамаған қолбасшылардың бірі – Қараджа хаджип түн ішінде қаланың «Суфихана » қақпасын ашып жіберіп, жау қолына қосылады. Соған қарамастан Отырар әкімі Қайыр хан бастаған қала халқы тағы да бір ай ерлікпен соғысады.

Әбілғазы баһадүрдің айтуынша Ашнас қаласының қарапайым халқы ерлікпен қарсыласып, ақыры қатты қырғынға ұшыратты. Жошы әскері қаланы бірнеше күн тонаған. Жент қаласын Хорезм шахының әскерлері қалдырып кеткенеді. 1220 ж. сәуірде Жошы қаланы қоршап, оңғұттық  Чин – Темір дегенді келісімге жіберді, бірақ тұрғындар  өліспей – беріспейтінін айтып, қақпаны жабады. Жошы әскері қаланы атқылап басып алады.

Халқын толық жойып жіберген қалалардың қатарында Отүстік Қазақстанның үш қаласы – Отырар, Сығанақ, Ашнас аталады.   

  1. Шапқыншылықтың зардаптары.

         Жоғарыда жылнамада айтылғандай, тарихи деректердің хабарына қарағанда, монғолдар алғаш Оңтүстік Шығыс Қазақстаннан кіре бастағанда, олар бейбіт түрде кірген. Алайда соған қарамастан, монғол шапқыншылығынан кейін Жетісуда шаруашылықтың құлдырап кеткендігі байқалады. Ол, әсіресе, археологиялық деректерден көрінеді. Егер Жетісу жерінде монғолдар келгенге дейін 200-ге жуық елді мекен қалалар болса, XIII-XIV ғ.ғ., жиырмаға жуық қана қала қалған. Тіпті жуас қала атанған Баласағұнның өзі түп орнымен жоқ болып кеткен. Оны Мұхаммед Хайдардың мына сөзінен де көруге болады. «Баласағұнның өзі тұрмақ, оның орны қайда екені белгісіз». Ал 1253-1255 ж. Монғолияның ұлы ханы Мөңкеге барып қайтқан француз елшісі Рубрук та Жетісу жеріндегі бұзылған қалаларды, бүлінген егіндіктердің, арық-тоған жүйелері туралы жазған. Мұндай деректерді басқа да Европаның саяхатшылары мен елшілерінің еңбектерінен кездестіруге болады.

                Келтірілген көріністер монғол жаулаушыларының Жетісу жеріне қанша бейбіт түрде келгенімен, ондағы жер шаруашылығының, отырықшылықтың қаншалықты бүлінгендігіне дәлел.

                Ал монғол шапқыншылығы Оңтүстік Қазақстанға қарай бағыт алғанда, қандай қатыгездік болғандығын археологиялық деректер толығымен дәлелдеп отыр. Бір Отырар қаласының өзінде қаншалықты қырғын болғандығын қазіргі кезде дәл басып айту қиын. Бірақ қазба жұмысының кезінде қалаға монғол шапқыншылығының салдарын көрсететін мәдени қабатта бір жерде үюлі жатқан 15-20 адамның бас сүйектері және қаланың батыс жағындағы сол кездегі егін суғаруға Арыстан тартылған үлкен оманның 2-3 км. жуық бойына тасталған адам мәйіттерінің сүйектері бүгінгі күнге дейін жер бетіне шығып жатқандығы сол кездегі қалада болған қырғыншылықты дәлелдемек. Қазіргі кездегі Отырар маңындағы тұрғындардың айтуынша, қай жерге кетпен, күрек шапсаңыз, адам сүйегіне тап боласыз деулері және дәлелдей түседі. Отырар, Ашнас сияқты қарсылық көрсеткен қала тұрғындары түгелдей қырылып, қалалар жермен жексен болған. Шапқыншылықтың салдары Қазақстан жерін мекендеген халықтардың шаруашылығының дамуын толық тоқырауға ұшыратты.

                Тоқырау тек материалдық жағынан ғана әсерін тигізіп қоймай, Қазақстан жеріндегі халықтардың қоғамдық жағынан рухани мәдениетінің дамуына үлкен кесел келтірді. Өйткені монғол қоғамының даму деңгейі Қазақстандағы дамудың деңгейінен әлдеқайда төмен еді. Әскер күшіне сүйенген, жаулаушылыққа сай құрылған көшпелі әскери феодализмнің шапқыншылығы Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына тежеу жасады. Әсіресе, жаңадан халық болып қалыптасып келе жатқан халықтық құрамның шырқын бұзып, оны екі ғасырға кешеуілдетті. Бұл шапқыншылықтың Қазақстан жеріне алым-салықтың ауыр зардабын, қайғы-қасіреттің, зорлық-зомбылықтың күшін орнатты. 

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Монғол әскерінің Жетісуға кіруі. Отырар опаты.
  2. Шыңғысханның Қазақстан қалаларын жаулауы, Отырар қорғанысы.
  3. Монғол шапқыншылығының зардаптары.
  4. Шыңғысханның жауланған жерлерді үлестік жерлерге бөлуі.
  5. Ұлыстардың құрылуы.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 155-178 б.б.

2.Сұлтанмұрат Сабырұлы «Қазақстан тарихы» А; 2006ж. 46-51 б.б.

  1. «Қазақстан тарихы» А; 1996ж. 440-445 б.б.

4. «Қазақстан тарихы» І том. А; 1996ж. 481-485 б.б

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *