Адыраю, одыраю, бадыраю, бақшию, бажыраю, едірею, ежірею, ожыраю, бағжию, бақыраю, ажыраю, ақыраю, ақию, бежірею, оқшию, оқшыраю, шадыраю

 Бірдеңеден сескеніп қорыққанда, үрейленгенде, таңданып таңырқағанда, біреуді жақтырмаған пішін көрсету, көз алар-тып тесірейіп қарау. Қуғынға түскен киіктің танауындай Нұрпейістің танауы желпілдеп, екі көз адырайып шарасынан шыға жаздады (Ғ. Малдыба-ев). Сәкен қиғаштай кеп жанаса берген мені көрмегендей одырая өтіп кетті (С. Мұқанов). Бұл лабораторияның денсаулыққа өте зиянды екенін білгенде, Қасимановтың көзі бадырайып кетті (Т. Сүлейменов). Мына сөзді қалай түсінерін білмеген Дәулеттің сығырайған көзі бір сәтте кең ашылып, бақшия үрке қарады (Ү. Шойбеков). Асаубай бетіме бажырайып бір қарады да қа-мыс арасын қопара бастады (Ә. Сәрсенбаев). Жапан дауыс шыққан жаққа едірейе қарап, мысық көрген күшікше қутыңдай бастады (Ғ. Қабышев). Келгеннен — ақ көзі ежірейіп, танауы қусырылып айғай салды (А. Тоқмағам-бетов). Сілем қатып өлгелі отырсам, — деп Қалампырды оқты көзбен атып, ожырая сөйледі (А. Хангелдин). Қатты шыққан дауыстан Қуат оянып кетіп, көзі бағжиып біресе Қайныкешке, біресе Жайлаубекке қарайды (Б. Нұржеке-ев). Екі-үш жасар қыз көздері бақырайып, бейтаныс жолаушыға үрейлене қарайды (Қ. Жұмаділов). Майбасар мен Жақыптар селт етіп, қабақ түксиіп, ажыраяқарады (М. Әуезов). Шіреніп ат үстінде ақырайып, Рүстемге көзін тігіп шатынатқан (Т. Ізтілеуов). Исмайыл ақия қарап еді, қатыны жым болды (О. Сәрсенбаев). Сотта де бет бақтырмай, бежірейіп тұрып алатынын да іштей сезеді (А. Нұрманов). Жылқы мен жақындағаннан бері де адырая бас көтеріп, оқшия қарасып қалды (Ш. Мұртазаев). Жайсыз сыбдырдан кенет шошыған тағы құстай оқшырайып, елеңдеп тұрып, Мадиярға көздің қырымен қарап қойды (С. Омаров). Көзі шарасынан шыға шадырайып, өзеуреп қойшы ма еді ол қызыл өңеш (Ш. Хұсайынов).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *