Өгей шешем айналдырған ақ басын

Өгей шешем айналдырған ақ басын,
Өз әкемді танымайтын боп барам.
Зіл табандай – өтер екен қайтып жыл,
Жаңа ғасыр көшіп келмей, тайқып жүр.
…Жас баладай ұйықтап кетсем балбырап,
Түсімде анам бесік жырын айтып жүр.
* * *
Шайтанкөлге барған кезде байқаңдар, –
Шайтан бар!
Ол келеді әлімсақтан, көнеңнен,
Сұлу көрсе рахатқа бөленген.
Сұлушашты сол жартастан құлатып,
Шайтанкөлдің түбіне ала жөнелген.
Маза бермей ата-баба бейітіне,
Елдің өзін жібермей жүр еркіне;
Сары шашты жынға айналып кей күні,
Кейде – түсіп сұм заманның кейпіне.
Алаш елін буындырып, алқымға ап,
Төрімізде отырған сол жарқылдап.
Талқан қылып Құнанбайдың мешітін,
Төбемізден ұшқанын айт қарқылдап.
Мейірім жоқ, жоқ онда бір қанағат,
Кейде – қоңыз, кейде ит боп абалап, –
Шықпай қойды осы әзәзіл, қазақтың
Әсем нуын, сұлу суын жағалап.
Бас айырмай – тарқамайды базары.
Асымыз көп.
Басымыз да – қазалы.
Жалтақ сонсоң біздің Алаш басқадан,
Ақыны да басқалардан азалы.
 
Кезіп муза кәрі жерді,
Әрі мұңды, әрі шерлі
Шайтанкөлдің хикаясын тыңдайды ел.
Тек бізде бар мұндай көл
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *