Қара бұрым…
Қанша мәрте жырланды?
Қасиетін білер оның ер кісі.
Неге «Қара жүрек!» – дейді сұмдарды?
Қара бояу –
Сұлулықтың белгісі!
* * *
Көзімнен адал жүрегім байқалмады ма?
Сенбеймін мәңгі, сенбеймін сайқалдарыңа!
Сенбеймін тіпті өліп-өшкен сөздеріне де,
Өтірік күлген жымысқы көздеріне де.
Сенбеймін мәңгі, көргенде шамданып қалам!
Сүйіктім!
Неге қарайсың таңданып маған?
Серігің сенің, япыр-ау, сенгіш-ақ па еді?
Сүйе алмайды олар ешқашан сен құсап мені!
Өксиді олар өзгені өкініп тұрып,
Өтірік сүйіп – күйеді, өтірік күліп…
Сенбеймін!
Тіпті көз салман түр-түсіне де,
Көз жасына да сенбеймін, күлкісіне де!
Аярға сеніп алданып, арбалып – талман –
Осыдан бұрын оңбай бір алданып қалғам…
* * *
Еңіреген зарлы ұлдарың
Махаббатқа бағынады.
Эпостағы Тарғындарың
Құртқа аруын сағынады.
Содан қалған ізгі өлеңдер,
Рух болып осы арада.
Әуре болып іздемеңдер,
Төлеген жоқ Қособада!
Ақсұңқарұлы Серік