О, Мұқа

О, Мұқа, мен де жетіммін!
Жетіммін мен де!
Басынан аттап талайдың секірдім мен де.
Туысым қайда?
Білмеймін түр-өңін оның,
Халқыма ғана сақтаған жүрегім – орын!
Туған жоқ менде, жоқ менде атаның ұлы.
Жаныма маза бермейді жаһанның мұңы!
Көзіме ыстық күллі елдің балапандары,
Қандары бөлек адамның алақандары.
Жалғыз қайың ем қалтырап жасынды күткен,
Сол қолдар менің көзімнен жасымды сүрткен!
Жүрегімде – үсіп-тоңғандар әні.
Өгіздей өрге сүйреп жүр сол қолдар әлі.
Сиынып айтам көзімнен егілген жасқа,
Ешкімім жоқ қой, ешкімім – елімнен басқа!
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *