Жұмақ – Жер төсі.
Жүретін шоршып балықтар –
Тәңірдің жалғыз еркесі!
Көңілде – көктем, көңірсір,
Рақат жырға – мол жаны.
Су патшалығы өмір сүр –
Жүзуді білсең болғаны!
Аспанда жүзген тарлан Күн,
Қызықтап шуыл, қылығын;
Шартарабына жалғанның
Шашатын уылдырығын…
Балықтар сонда,
Құлыным,
Білмеген еді,
Масқара –
Біреулер маржан ұрығын
Айналдыратынын ақшаға…
Бір күні:
Ғаламат Дүние шыр етіп,
Өзгеріп мұрат, зәуірі, –
Су дәуірінің күні өтіп,
Құрлықтың туды дәуірі!
Сондағы оның ойраны-ай!
Тұл – аспан… Ажал – зар әні:
Ойбай-ай!
Ойбай!
Ойбай-ай!
Дүние… не боп барады?!
Не дауа мына сұмдыққа?
Кеудесі толы – шерлі кек,
Балықтар жатты Құрлықта
Желбезектері желбіреп!!!
Ақсұңқарұлы Серік