Жоқ – ол.
Тәнін жалын – іші,
Ұшып келіп, танып көктен;
Қыз Жібектің Сағынышы
Ақжайыққа алып кеткен!
Мен де өлермін дарияның
Жағасында. Жалын – ішім…
Пәк тәнімді Ғалияның
Қасына апар, Сағынышым!
* * *
Құстар келді.
Қыстар келді.
Күндер келді.
Түндер келді.
Тағы да құстар…
Тағы да қыстар…
Тағы да күндер…
Тағы да түндер…
Сені күтем жүрек лаулап жанса да,
Әбден жүдеп, айырылып әрінен.
Келіп, кеткен Аяз – Ата қаншама?
Сені күтем.
Сені күтем әлі мен…
Сені күтем, сағынышқа жан-ұя.
Сол сағыныш ғұмырдағы жолдасым.
Міне, отыз жыл… сені күтем, Ғалия!
Басқа қызды күтсем – жолым болмасын!
Сені күтем, сені күтем алаңдап,
Біздің үйде ғана сөнбей жанған нұр.
Шырт ұйқыда жатқан кезде адамзат
Бөлмеме осы кіріп келіп таң қалдыр!
Ақсұңқарұлы Серік