Жат үнді – жыры…
Белгілі –
Брюллов:
«Помпейдің ақырғы түні».
Отырар бізге –
Белгісіз!
Марғұлан аға!
Ғаламат шаңқан қаладан қалды ма –
Мола?!
Марғұлан аға!
Қаланың табыттарына
Қарасаң:
Ұқсас Адамның табыттарына!
Тереңде – қала қабірі…
Білгенім, Аға –
Табамыз одан бабамның күлдерін ғана.
Олар да –
Көріп,
Естіген жасындар үнін,
Белгісіз солдаттары ғой ғасырларының!
Құлағымда –
Сол бір шыңғырған боздақтар үні!
Жер асты түгел –
Белгісіз Солдат Қабірі!!!
Келемін ұшып:
Ділім – жыр,
Серігім – проспект.
Москва…
Париж…
Нью–Йорк…
Берлин…
Ташкент –
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК