Қайта келер деймісің

Қайта келер деймісің,
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан тауған хандары-ай!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы-қазақ жұртымның
Кейінгі туған балалары-ай!
 
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Аңырап қалды қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
Кейінгі өскен жас бала,
Ақ балтырын түрініп,
Басарына ерініп,
Көкірегі күйініп,
Тек тірлікке сүйеніп,
Ықтиярсыз жүгіріп,
Аузы түкті кәпірдің
Етпегей еді жұмысын…
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Екеу-екеу сөйлесіп,
Біздің кейінгі өскен жас бала
Аузы түкті кәпірдің
Соқпаса игі еді пайдасын?!
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *