ӘЙЕЛ СҮЙСЕ…

Таңдайына бал ғана татып тұрған,
Жанарына мұң емес, жақұт тұнған.
Әйел сені сүймесін,
Әйел сүйсе –
Әлемдегі өзіңсің бақытты жан.
Шын тұлпарлар танытпас желісте мін,
Бұл сөзімді шығарар теріске кім?!
Әйел сені сүймесін,
Әйел сүйсе –
Әлемдегі өзісің періштенің.
Шама-мұрша келтірмей суысуға,
Күй толады кеудеңнің қуысында.
Әйел сені сүймесін,
Әйел сүйсе –
Мәңгілікке қалғаның уысында.
Ғашық көңіл малтығып құса-мұңға,
Атың қалып қиссаның мысалында…
Әйел сені сүймесін,
Әйел сүйсе –
Онда сенің өлгенің құшағында.
Мағырыптың қылтиып қырдан күні,
Себелейді сеңгірдің нұр жаңбыры…
Әйел сені сүймесін,
Әйел сүйсе –
Махаббаттың
Сен адал құрбандығы!
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *