Өзіңе ыстық өз үйің,
Болмаса да кең сарай.
«Айқай, менің боз үйім»
Деп сағындың сен талай.
Шыға келсе ду күліп,
Балаларың кептердей.
Мойыныңа міндіріп,
Төбең көкке жеткендей.
Төрт қабырға, бұрышы,
Толып тұрған жыр іші.
Құпия кеп құйылған,
Ауасы – жан тынысы.
Сыймастай еш қиялға,
Болмастай жан ұғынып.
Кіп-кішкентай ұяңда
Жатыр қанша жылылық.
Сырбай Мәуленов