Қиын болды-ау

Қиын болды-ау,
Табылмай кінәлі жан.
Шықты жауыз ақыры «құмарынан».
Арал – Балқаш –
Әуелден Егіз еді,
Кім айырған егізді сыңарынан?
Адам бар ма ойлаған өз басымен,
Аруанадай жырымды боздатып ем…
Кеуіп қалған арнаны кім толтырар,
Толтырмасам халықтың көз жасымен…
***
Дүниені жапқанда қараңғылық,
Мазалайды түсіме Арал кіріп.
Не жаздым деп қараймын айналама,
Көңілімде жоқ қылау, арам қылық.
Бермеген соң не қажет өмір опа,
Жүрек сыздап, ми мұздап, көңіл – қапа.
Азияның қарайды ажарына,
Аяушылық сезіммен Еуропа!
Қандай қырсық төтеннен жолықты кеп,
Булығады ызаға толып жүрек.
Келер ұрпақ аңыз ғып айтар ма екен,
«Баяғыда… бір теңіз болыпты!» – деп.
Қар жауғандай көңілге қарашада,
Қажыттың-ау жүрекке жара сала.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай,
Қалай ғана түсемін арашаға?
Жердің әбден құлазып тозғанынан,
Айрылғандай аяулы боздағынан.
Туған жерін тәрк етіп барады жұрт,
Жеріп кеткен құландай өз қағынан.
Қадірліңе қарашы, қарайлашы,
Мансап емес, шен емес, ар ойлашы!
Оспадарсыз ожардың қолы тиіп,
Быт-шыт болған жерімнің шарайнасы!
***
Адам!
Адам бәріне сен кінәлі,
Көп қой сенде мансап пен шен құмары.
Алқам-салқам куә боп Арал жатыр
Болмасын деп бұл сұмдық ендігәрі.
Мен де,
Сен де кінәлі,
Ол да бүгін!
Білмедік қой қадірін қолдағының.
Бір алапат соққандай қара дауыл,
Бәрін жайпап, жапырып жолдағының.
Біле тұрып, бәрін де көре тұрып,
Басшыларды мақтадық неге өтірік?!
Түкірдік-ау құдыққа суын ішкен,
Туған жердің дәм-тұзын жеп отырып.
Қосылса да әлемнің тың күштері,
Тарқамады тіршілік – тұрмыс шері.
Тұр орныңнан отырсаң осы залда,
Жиырмасыншы ғасырдың қылмыскері!
Керек емес бөтен күй, бөтен өмір,
Бөлсең болды бәріне жете көңіл.
Өз қолыңмен жасаған қылмысыңды
Өз мойныңмен, ей, Адам, көтере біл!
Соңғы күшін жиғандай қауқарланып,
Дала налып тұрғандай,
Тау таңғалып!
Елін, Жерін сүйетін Азаматқа
Қайран Арал қарайды жаутаң қағып…
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *