Қар жауғанда

Қар жауғанда
Дархан дала жаңғырып,
Қара жердің тамырына қан жүріп,
Бұрқ-сарқ қайнап,
Алып қазан –
Ақ қазан
Дәл осылай қалатындай мәңгілік.
Қар жауғанда
Қайта қунап қара орман,
Ұйпа шашын ақ тарақпен таранған.
Қалғандайсың ақ шымылдық ішінде,
Әттең, дүние… бәрі өткінші, бәрі арман.
Бұрқырайды байтақ өлке қырмандай,
Күн жымиып,
Ай да мойын бұрғандай.
Қар жауғанда…
Қар жауғанда,
Аспан – Жер
Бір-бірімен құшақтасып тұрғандай.
 
Жел болсаң –
Шалқуың керек.
Көл болсаң –
Толқуын керек.
Бұлт болсаң –
Жаууың керек.
От болсаң –
Жануың керек.
Ал егер…
Қара жер болсаң –
Мәңгілік қалуың керек!
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *