Қайда әлгі…

Қайда әлгі…
Қайран көктемім.
Қайырылмай неғып кеткенің?
Қажаған әбден кәрі қыс
Шеше алмай жатыр шекпенін.
Жалғасып бір күн бір күнмен,
Арылмай көңіл кірбіңнен.
Майданнан қайтқан көкемдей
Көктемді күтіп жүрмін мен!
Аспаннан да асқақ-ау
Ақындардың арманы.
Қолдан қылыш тастамау –
Батырлардың арманы.
Туған жерге гүл өссе,
Ол да болса қуаныш.
Жарқын жайсаң жыл өтсе,
Ол да жанға жұбаныш.
Туған жерге әлдекім
Жиіркенішпен тас атса,
Қайғы шегіп қам көңіл,
Қара түнде қош айтса.
Жауыздықтың сондағы
Белгілі ғой өлері.
Батырлардың қолдағы
Қылышындай өлеңі.
Нағыз ерлер өледі,
Солар үшін налалы ел.
Қылыш кескен денені
Құшақтайды қара жер…
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *