Тасқа жанып төзімді,
Тауға соқтым басымды.
Көрген кезде өзіңді
Көрсетпедім жасымды.
Ынтызарым бір сенде,
Ессіз-түссіз берілдім.
Сүйгенімді білсем де,
Сүйкімсіздеу көріндім.
Өшіп барып бір үміт,
Байқамадым жанғанын.
Кеткеніңде сүрініп,
Демеу бола алмадым.
Мына менде мол кінә,
Қызығыма құм аттым.
Күлдірудің орнына
Қайта-қайта жылаттым.
Көрсетсем де көп азап,
Жүре бердің көріп құр…
Бәрі бүгін,
О, ғажап!
Керісінше болып тұр.
Айрылдым да еркімнен,
(Туды маған басқа күн).
Ақылыңмен, көркіңмен
Байлап-матап тастадың.
Махаббаттың зәріне
Уланатын кезім бұл.
…Көндім, төздім бәріне –
Өлтірсең де, өзің біл!
Күйдім-жандым,
Өлдім-талдым,
Естен тандым – махаббат.
Бал дәміңе,
Зәмзәміңе,
Шөлдеп келем – қаталап…
Бір оңаша қалдыршы,
Құмарымды қандыршы!
Жан еркіңмен,
Бал ерніңнен
Балқытып бір сүйдірші.
Гүл үніңмен,
Қылығыңмен,
Жалындатшы, күйдірші
Түсінсеңші, наз әнім,
Махаббаттың азабын!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ