Тартып үміт ілгері,
Адал серттен айнымай.
Тап келтірген бұл мені
Қай құдірет, қай құдай?!
Мерген қолы дір етті,
Атылмады сұр жебе.
Берді тәңір тілекті,
Бұлай болды бұл неге?!
Бұл сұмдықты кім көрген,
Тастап қайғы-наласын.
Сумаңдаған сұр мерген
Тез батырды қарасын.
Көрсем деп ем түсімде,
Ботадай-ақ боздадым.
Тауда – талдың ішінде
Талып қала жаздадым.
Мен байғұстың халімен
Кім шығарар кесімді
Есеңгіреп қалып ем,
Әзер жидым есімді.
Тірі пенде – мен өлік,
Түстім тағдыр торына.
Шошып кеткен сол елік
Ілікпей жүр қолыма.
Сұр мергеннен қорықпай,
Жүрсе болды бабында.
Сол елікке жолықпай
Ашылмас-ау бағым да.
Қайран жастық дәуірім,
Ойнар еді-ау көзімде.
Сол еліктің сауырын
Бір сипаған кезімде!..
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ