СЫРБАЙДЫҢ ДАУЫСЫ

Кездесу сәтін көп күттім,
Жайғасып қалай жатпақ ем.
Көшеге шықтым.
Көп тіпті
Телефон-автомат деген.
Кіріп ап соның біріне
Телефон шалдым сол үйге,
Ол менің Сырбай үніне
Құмартқаным ғой, әрине.
Не деген албырт сезім ең,
Билеген бойды құдірет.
Тайсалмай,
Тура өзімен
Тілдескім келді бір рет.
Әр жақтан әйел дауысы –
Әсерлі, әсем, жіңішке.
Белгісіз жақын, алысы
Сыңғырлап тұрды күмісше.
Кейіннен білдім. Ол дауыс
Күнжамал жеңгем үні екен.
Телефондағы толғаныс,
Естіген сөзім: – «Кім екен?!»
– Кім болды екен! Кім өзі?
(Жеңешем бір сәт өтінді)
Дауысынан-ақ мінезі
Көрініп тұрған секілді.
Шашымды қолмен сілкілеп,
Түстім де ақын қалпына.
Оқыдым өлең күркіреп,
Салып ап Сырбай даусына.
«Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
Жүрмеймін көтермесең,
Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем,
Кетпеші ерте дейсің.
Дейсің сен ұрсып анам,
Жөнімді сұрады деп,
Болдым-ау қырсық саған,
Деймін мен жылағым кеп.
Сен мені ұнатасың,
Мен сені ұнатамын.
Кетпеген балалығы
Кейпіңді ұнатамын.
Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім,
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім».
– Сырбай-ау, саған не болған?
Келсеңші үйге тезірек.
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *