Биіктеп Алатаудың Талғарындай,
Тереңдеп Атыраудың аңғарындай,
Аңқылдап жомарт көңіл келе жатыр
Қазақтың даласының аумағындай.
Тәтті сөз тамылжыған таңдайында,
Бұлақтай атқылаған әрдайым да.
Тоғысып толқын ойдың тораптары,
Жатқандай оның жалпақ маңдайында.
Зеңгір көк, мұзарт таулы даланы кең,
Жалт еткен, шалып өткен жанарымен.
Тізілген нәркес көздей нәзік сөздер
Табиғат талантының қаламымен.
Ұқтырып ұрпақтарға Абай тілін,
Өткізген тебіреніп талай түнін.
Соққанда алыптардың мұнарасын,
Осылай шебер қолдар қалайтұғын.
Даланың арман еткен оянғанын,
Толғаған ата-баба ой-арманын.
Әкелген көз алдына атқан таңмен
Көк өзен, кешкі бұлттың бояуларын…
Кеудесін кернеп зілді бір уайым,
Теңселген Сарыарқада сырлы қайың.
Даланың мұңлы аспаны, мөлдір көлі,
Құшақтап құба жонда тұр Абайын.
Жапанда жапа шеккен жан сырласы
Домалап омырауында тамшы жасы.
Жым-жырт түн жыр аспанын барлағандай
Қазақтың өлеңінің қаршығасы.
Тағы да ол ойға шомған шың басында,
Сол шыңдай алып оның тұлғасы да.
Ақынның қозғап ішкі дүниесін,
Сал Біржан, әнші Әсет тұр қасында.
Арманды, көздерінде ауыр жас бар,
Ақынмен ат үстінде жалын жастар.
Далада Татьяна әнін шырқап
Барады белден асып қарындастар.
Тулаған толқындай боп жел өтінде,
Өткен күні өтеді алдан тербетіле.
Сол күннің суретшісі Мұхтар аға
Көз тіккен бүгін әлем келбетіне.
Айырылмай жиырма бестің жалынынан,
Алпыстың қарайды асқақ адырынан.
Ақылмен сезім отын тұтастырып,
Байсалды бір танбайды қалыбынан.
Жарылып адалынан ақын жаны,
Мақтаныш ортамызда отырғаны.
Қазақтың қадірменді ақсақалын,
Құттықтап бүкіл елдің жатыр бәрі.
Құшақтап дүниенің күллі бәрін,
Алпыста жас балаша күлді жаның.
Жүз емес, Мұхтар аға бүгінгі күн,
Сыйлайды елің саған мың жылдарын.
Сырбай Мәуленов