Бақытқа жеткен емес қолым бірден,
Тағдырым ұсынған жоқ төрін бірден.
Әркімдер өз соқпағын тауып жатыр
Әуелден қалтарысын,
Жолын білген.
Наз деген болады ғой,
Өкпе деген.
Бірақ мен өміріме өкпелемен.
Қызық көп,
Қуаныш көп бастан кешкен,
Бәріне соның
Бірден жеткен емен.
Берілген жан емеспін мен бір мұңға,
Сыйлайды жаны қалмай тең-құрбым да.
Жалпыға ортақ оқу –
Онжылдықты
Бітірдім әрең-әрең он бір жылда.
Әуелден таңдағам жоқ күйкі жолды,
Көңілдің қағаз, қалам күйті болды.
Ауылда бес-алты жыл жұмыс істеп,
Алуға асықпадым дипломды.
Көсіліп кең жайлауда өскен едім,
Кеңдікті,
Еркіндікті хош көремін.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ