Қара халық құшағында ержеткен,
Қара сөздің ақ бесігін тербеткен.
Арпалысып,
һәм қарысып өтіпті,
Түзеймін деп замананы кер кеткен.
Билігі жоқ,
Қалам ғана қолында,
Атой салған әділдіктің жолында.
Аз ғұмыры (әттеген-ай!) өтіпті
Аттың жалы,
Атан түйе қомында!
Керілген қас,
Кере қарыс маңдайы,
Кеудесінде бүкіл елдің мән-жайы.
Оқушының жазған сөзін оқыған
Қайта-қайта қағылыпты таңдайы.
Қалың елі ұрынғанда аштыққа,
Шыр қағыпты басы тимей жастыққа.
Жан адамға жазығы жоқ қазақты
Қандай адам қиған екен қастыққа!
Мейлі біреу тарлан десін, тай десін,
Бір өзіңе қандай адам сай келсін!
«Мұхтар мұқап қалмасын» деп беріпті
Өзі оқып, алып тұрған бәйгесін.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ