Жандырып жігіт – жігер, қыз – қылығың

Жандырып жігіт – жігер, қыз – қылығың,
Сол қыстың сездірмедің ызғырығын.
Ішуге құмар едің таудың суын,
Теруге құмар едің түздің гүлін.
Кешігіп келмей қойдың сол кеткеннен,
Жаныңды ғажайып жыр тербеткенмен.
Жаз бойы дамыл таппай іздедің бе
Жоғалтқан қызығыңды сол көктемнен?!
Сонан соң қыс түскесін қайта келдің,
Жиғандай қазынасын байтақ елдің.
Ғажабын Ләйла қыз бен Зайда қыздың
Жалықпай күні-түні айта бердің.
Соңғы рет дос-жаранмен қауыша алмай,
Біткен бе бұл тірліктің дауы сондай…
Дастанын махаббаттың жаза-жаза,
Ақыры кеттің соны тауыса алмай!
Тірліктің құштар едің жарығына,
Таласпай пенде біткен дарыныңа.
Мен білсем…
Сен, Жұматай, кеттің білем,
Өртеніп махабаттың жалынына…
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *