Дүбірсіз, тойсыз тұра алмай

Дүбірсіз, тойсыз тұра алмай,
Сырқатқа мойын бұра алмай.
Соңғы рет қаққан қанатын
Тартып бір кеттің қырандай.
Қолында қалам – көксүңгі,
Өзіңдей ақын жоқ сынды.
Сол жолы…
Соңғы сапарда,
Сындырып қайттың топшыңды.
Нөсерін төкпей бау-баққа,
Жүзеді бұлттар аулақта…
Қалдырып қалың еліңді,
Қайырылмай кеттің тау жаққа.
Жыл өтті тағы тым жайсыз,
Алыстан қолды бұлғайсыз.
Жетеді үнің құлаққа,
Өтеді ғұмыр Сырбайсыз.
Алатау басы мұнар шың,
Мұнартып солай тұрарсың.
…Даланы, тауды көп жырлап,
Дамылдап жатқан шығарсың!
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *