Дала бір толы қарамық,
Дала бір толы қымыздық.
Даладан әр кез табар жұрт
Тарықса талай ырыздық.
Суырып құмның көсігін,
Сүйріктер тартып түбектен.
Даладан теріп несібін
Балалық шағым күнелткен.
Саңлаудан жұлдыз санаған,
Бұл күнде сарай – қостарым.
Теңіздей ойлы дана адам –
Бір кезгі бала достарым.
Сырбай Мәуленов