Бүгінгі ұрпақ байқасын,
Жау шыққанын тасадан.
«Бородино шайқасын» –
Бородиндер жасаған.
Еңіреген ерлердің
Іші шерге толғанда.
Қазағы көп жерлердің
Азабы көп болған ба?!
Тепкініне тас шыдар,
Билік құрып ең үстем.
Қысастық қып басшылар,
Қысты талай шөміштен.
Тым батырып тырнақты,
Тұншықтырып тынардай.
Торғай талай шыр қақты –
Шыбын жаны шығардай,
Бір-біріне тілектес,
Ішінде жоқ аласы.
Арасынан қыл өтпес,
Арғын-қыпшақ баласы.
Ата жолын ақтайтын,
Азаматтар бар екен.
Бөліп-жарып жатпайтын
Бір басшыға зар екен!
Азабына шыдайды
Аза тұтқан кездері.
Қолдан жасап «құдайды»
Қор қылады өздері.
Жағу қиын халыққа,
Алмасаң да, алсаң да,
Ақтығыңды таныт та,
Содан кейін алшаңда.
Қисыны көп не түрлі,
Қызық-қызық мінезі.
Бес Бельгия секілді,
Мемлекет бір өзі.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ