БАРЛЫХАН

…Ауылдан алыс еді мектебіміз,
Күн суып, қиын болды жетпегіміз.
Бір көлік бригадир бермей қойды,
Біз содан өзімізше өкпеліміз.
Күніміз қарап қалған көк өгізге,
Көлікке мініп көк өгізді жегеміз де…
Бір күні бригадир көріп қалып,
Қиқулап қамшы үйірді төбемізге.
Барлыхан бригадир– жалаңқылыш,
Бір бүлік, жүрген жері әманда ұрыс.
Жектің деп көк өгізді жекіп жатыр:
– Сол үшін тоқтап қалды тәмам жұмыс.
Күшіктер!
(Айтқан
сөзі қалай жаман,
Бұл күнде есіме алып, сәл ойланам.)
Әзірге маған мынау өгіз артық,
Сендер адам болғанша талай заман!
Сонан соң айқайлады:
– Кім жекті? – деп,
Тақымдап жатыр бізді тілдеп-тілдеп,
Қамбар да қасарысып тұрып алды:
«Сендер көлік беруге міндетті», – деп.
– Жоқ еді жазығымыз көп тілдеуге,
Аузыңыз бара қоймас ақпын деуге.
Бір өгіз бізге неге бұйырмайды,
Әбзелдеп өз балаңыз ат мінгенде!
– Тұрсаң да дүниені жарық қылып,
Дәл қазір жіберейін тәрік қылып, –
Қамшымен қанжоса қып салып өтті,
Қамбарды ат бауырына алып тұрып.
Кеткендей құйын соғып күшті кенет,
Боп кетті ұждансыздың ұсқыны ерек…
…Алыстан жан ұшырып жеткен ана
Қамбардың құлап түсті үстіне кеп.
Барлыхан – түйсігі жоқ тұман адам,
Алжыған, сірә, топас, сірә, надан.
…Қамбарға ана зары қосылғанда,
Жан бар ма көздің жасын бұламаған.
Шыдамы жетпеді ме, мүмкін жүрек,
Көк өгіз өз-өзінен сілкінді кеп.
Атынан түсе берген Барлыханға
Атыла жолбарыстай ұмтылды кеп
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *