АҚЖАЙЫҚ – АРУ

Зулаған кең далада кер киігі,
Шынында, сен шығарсың –
Жер биігі.
Шыжғырып дала төсін тастаған-ау
Елімнің ертедегі шер-күйігі.
Табиғат болғанымен сұсты мына,
Көресің көз қызығар істі мұнда.
Күн қанша қыздырса да
Жетер емес
Адамдар ықыласының ыстығына.
Бұл өлке әнді – баптар, күйді – мақтар,
Ертеңін бүгінгінің қимылы ақтар.
Орнында ертедегі үйшіктердің
Дәл қазір бой көтерген ғимараттар.
Атырау!
Атың қандай мұнайлы өлкем,
Батыста байтақ жатқан шырай-көркем.
Өзіңнің байлығыңмен –
Ай-күніңмен
Ұлтқа да, ұлысқа да ұнай бер сен.
Бір көркем келісім бар ажарыңда,
Бой түзеп бүгінгінің базарында.
Тылсым – кең көкірегіңнен күй ақтарып,
Тұрсың сен бар Әлемнің назарында.
Тарихты еске аларлық құрметтеп,
Төсінде бұл даланың сурет көп.
Адайлар ат ойнатқан ай тақырға,
Атқойған қалай ғана «Гурьев» деп.
Жатқанда талас-тартыс аты дау боп,
Білегін бір сыбанып батыр әулет.
Арманын әлімсақтан айғақ етіп,
Ат қойды туған халқың «Атырау» деп.
Өлкеде болған талай от кешу көп,
Жағамда жасыл жапырақ көктесін деп,
Ақжайық осы арадан ағады екен,
Даланың көні кеуіп кетпесін деп.
Өндіріс от өзекті ірге теуіп,
Төбеден қызыққандай күн де төніп.
Азия, Еуропа –
Екі жақтан,
Қолтықтап Ақжайықты тұр көтеріп.
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *