АҚЖАЙЫҚ – АРУ

Ылғи да саған алаңмын,
Шырқағым келіп жол әнін.
Оралып тағы барармын,
Орманды, таулы Оралым.
Мен де бір сенің балаңмын,
Емеспін күнде қонағың.
Қимай да қимай қарармын
Қияңа сенің, Оралым.
Ағады Жайық жай ғана,
Сұрамай пұрсат ешкімнен.
Пенде деп мені ойлама,
Пішіні бөлек Пушкиннен.
Жайықтың суы мол ағын,
Шолпысы сынды еркемнің.
Шолохов болып шоламын
Шалғайын жалпақ өлкемнің.
Үмітпен қарап әр таңға,
Әуенді талай қайырдым.
Жарқылдап жүріп ортаңда,
Жатқа айттым жырын Тайырдың.
Жерім көп әлі баспаған,
Жоталар, белдер, қырларым.
Құпияң болса, аш маған,
Жәнібек,
Орда,
Құм Нарын!
Демеспін: «тегі бұл қай жер»,
Жолдардың тосып торабын.
Орамалыңды бұлғай бер,
Оралсын десең, Оралым!
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *