Жұт кетпеді айналып аймағыңнан,
Көңілге дақ орнады, ойға – күмән.
Сүттей таза халқымды іркіт қылып,
Алдыменен айырды қаймағынан.
Серілікті жүре алмай еркін құрып,
Сөйлетпеді сергітіп, серпілдіріп.
Шиедей ғып шетінен шетінетті,
Мықтыларды маңдайдан шертіп жүріп.
Қайран Аха!
Сен сөйтіп аһ ұрдың ба,
Көрер таңды ұйқысыз атырдың ба?!
Бордай тозып божырап кетпесін деп,
Ел-жұртыңды бірлікке шақырдың ба?
Түсіндің бе болған соң дана-ғалым,
Шарапаты тисе деп жан ағаның.
Ауылынан әділдік табам ба деп,
Ауа көшіп – Абайды паналадың.
Қандай тағдыр кез қылған қатал кекке,
Абыз едің тараған батаң көпке.
Ақ тілекпен
Ақ теңіз ар жағынан
Жаутаң-жаутаң қарадың Махамбетке.
Құрдас тәнті өзіңе, құрбы кішік,
Тіл қата алмай ішінен тұрды ұғысып.
Сағыныштан сарғайған Торғай жері
Жүрді ме екен көзіңнен бір-бір ұшып?!
Тамырынан өртенген жердің шөбі…
Енді қайтып келместей көрдім сені.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ