ӨЛЕҢІМДІ ІЗДЕСІН

Көтеремiн
Дей берiңiз:
“Сезiмiңнiң отына түс, күй, жасы.”
Мұңлы тағдыр ұсын, мейлi қинашы.
Өтiнемiн, өзiме емес, Тәңiрiм,
Өлеңiме өлмес өмiр сыйлашы.
Бұралаң жол.
Уақыт сүйреп замананың арбасын,
Көштi таңдар түннен тауып жалғасын.
Жалғыздықты жар етейiн, тек қана
Сәби жырым жетiмсiреп қалмасын.
Құлап көңiл,
Құлазыдым күзде шын,
Сенгендерiм үмiтiмдi үзгесiн.
Күн өтсе де күтумен күрсiндiрiп,
Жаратқаннан сұрадым,
Өзiмдi емес, бiреулер өлеңiмдi iздесiн.
 
Бәрiмiз нүктемiз түбiнде.
Бақытты сұраймыз бүгiнге.
Керек пе?!
Жалғанның қызығын, байлығын
Ол жаққа апара алмаймыз, түгiн де –
Қабiрге қойылған ең соңғы гүлiн де.
Жаныммен аттанар тек қана өлеңiм,
Жазылған мөп-мөлдiр тамшының үнiнде.
Сұрақшы тiзгенде қатемдi,
Жыр оқып беремiн,
Перiште түсiнер жүректiң тiлiнде.
Жұмаққа жол алып жырларым, жаным да.
Дос қылған адамын, құсын да, аңын да,
Мен сосын оянам пейiштiң таңында.
Алланың қардай ақ сенiмiн арқалап,
Әзiрге жүрмiн-ау сол сәттiң қамында.
Күндерiм жоғалды, таң ұмыт, кеш ұмыт.
Қол бұлғап алыста неше арман, неше үмiт
Жетелеп жүрiп-ақ есейттi, өсiрiп.
Құдайын ұмытқан жандарды
Адам деп түсiнiп,
Пенде деп кешiрiп,
Қаламға құйылған Тәңiрдiң жолдарын
Кей-кейде отырам қағазға көшiрiп.
 
Перi кiм?!
Сөздерiңе ме?
От шашқан әлде көздерiңе ме?
Ерiдiм…
Қиялымда тербетiп,
Жанарымның ақша бұлтын селдетiп,
Серiгiм,
Сенi ойладым, тек сеншi.
Жылусыз жыл жауратты, нұр төксеңшi
Берi, Күн!
Жарқыным,
Сол қайғы ғой –
Жаяуда шаң болмайды ғой,
Жалқыда үн.
Оранғанда қала шыққа,
Сыр түйiп ап қарашыққа,
Шарпыдың.
Бұлыңғырлау ертең мүлде.
Жасыныңмен өртедiң де –
Балқыдым.
…Арты мұң…
 
Жанға сая таптырмады саябақ.
Мен мұңайдым, ағаш та мұң, тас та мұң.
Сiзге деген сезiмiмдей аялап,
Ерiп жатқан аппақ қарды баспадым.
Баса алмадым, жылап жатыр нәзiктер,
Күн көзiнен қорғанады –
Қорғансыз…
Менiң ақ қар көңiлiмдi жазып көр.
Сiз де маған күн сияқты болғансыз.
Қауқары жоқ қар боп мен де ерiгем,
Сiзден өзге Күн болмаған көңiлде.
Сосын…
Сосын барлығынан жерiгем…
Өкпелiмiн сiзге және өмiрге.
 
Күбiр-күбiр, күбiр-дi…
Күз жаңбырын құшақтап,
Жапырақтар қара жерге жығылды.
Мынау аспан көңiлiме ұқсап қап,
Жүрегiмнiң тамшылары көмейiме тығылды.
Мөлдiр-дi
Жамалымды айғыздаған кермегiм.
Жасыл бақты сап-сары күн солдырды.
Тырналарға жете алмадым, ермедiм,
Айтқаныммен құстан қалған сол жырды.
Құс әнiн
Қимастықпен қош айтысқан… мұң дедiм…
Ей, тiршiлiк, аяғымнан тұса мың,
Қанатсыз деп мейлi менi күндегiн!
Бәрiбiр де түсiмде тарналардың
тiзбегiне қосылып,
Түпсiз көкке ұшамын!
 
Өкiнiштiң оты өртедi өңештi,
Үңiлгенде дәптерiме өңi ескi.
Ақ қағазда есiмiң – мәңгi өшпес,
Жадымдағы бейнең бiрақ көмескi.
Тек есiмде… ұмытпадым күлкiңдi,
Жанарыма сансыз маржан iркiлдi.
Жүрегiмде астаң-кестең ақ боран,
Жадыратып қойғаныммен сыртымды.
Сағынсам да жете алмадым, қайдасың?
Әлде айналып кеткенбiсiң Айға шын.
Әлде менен өзге сұлу жолығып,
Баурап алып асырды ма айласын.
Бақытыңды тапсаң бастан таймасын.
Көзiме тек бiр көрiншi…
Қайдасың?!
 
Қуанышым әрі мұңым ең…
Бақыттысыз ба шынымен?!
Бақытсыз бір жан сізді ойлап,
Жыр жазып шықты түнімен.
Үмітімді тағы сөндіріп,
Кірпігіме маржан қондырып.
Араласты діріл үніме,
Салқын сөзіңіз тоңдырып.
Жаурады жаным, күй осы.
(Басымды деп ем сүйеші)
Алыстап қайда барасыз,
Армандарымның иесі?
Қаңырап қалған жұрттаймын.
Жүректі жаншып бұлт – қайғым,
Жүзімді жуған ап-ащы
Көзімнің жасын ұрттаймын,
Сізге бақыт тілеп тұрып…
 
Көктемнен көп үміт күткенмін…
Аңқылдақ ағаштар бүрледі.
Мөп-мөлдір арманым бүршікке қонақтап,
Жайқалған…
Күз желі үрледі.
Қара жер құшарын жапырақ білмеді.
Буылдыр бұлттарда жүргендей бақытым,
Қарағам тамсана.
Олар да сөгілді,
Төгілді
Сызылта ән сала.
Жерге кеп жығылды тамшылар қаншама.
Тапқандай сап-сары күзге де ем,
Ақ қардан адалдық іздегем.
Көктеме шапағын шашқанда,
Қап-қара топырақ жұтты да,
Жоғалды ұлпалар
Жаратқан жазған бір ізбенен.
Тіршілік өтеді жүз жылай, жүз күле,
Әлдене күтумен тағдырдан үздіге.
Арман мен үміттің мәңгілік мекені –
Жер ана қарсы алар бір күні бізді де.
 
Талып кетті қанатым.
Төзім кеміп, түгесілді тағатым.
Шыр айналып аппақ дәке іздедім,
Жүрегімнің жарақатын таңатын.
Таба алмадым.
Білмейді екен күз емді.
Күдерімді күтір-күтір үзем-ді.
Жанарымен жанымды емдер тәуібім,
Оралмайсыз сіз енді.
Теңіз – ой, мың шығып, мың баттым.
Біреуге – сырсандық, біреуге жұмбақпын.
Жанымды жанардан оқыған
өзіңіз едіңіз, қымбаттым.
Сырымды ұрлаттым. Дәрменсіз қарашық.
Арманым Ай, Күнмен таласып,
Жұлдызбен жарасып…
Болжаусыз күндерге отырам бал ашып.
Зарығу, ынтығу,
Сағыну… ұмтылу…
Иектеп неше мұң,
Төзімді тауысу,
Тәп-тәтті қауышу,
Ал сосын бақыттан масайрау… кешегім.
Кешемін
Өзімді, сізді де ақтаймын.
Тәңірім ұсынған тағдырға тақпай мін.
Өткеннің әдемі елесін
Бақиға жеткенше жүректе сақтаймын.
Сезімді
Бұғаулай алмаған кезім-ді.
Тауысып сабырды, төзімді.
Ауысып…
Ес – бүтін, жүректің үніне ілесіп,
Сағынып қауышып,
Бақыттан ұмытқам өзімді.
Күй кешіп өзгеше, ұнамды,
Еңсені езетін тұманды
Таратқан
Қас-қағым,
Балдан да тәп-тәтті сәттерді – күнәмді,
Күнәсін
Кеше көр, Жаратқан!
 
 

Құралай  ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *