Жүргенде де шинеліме қатып қан,
Аман қалғам,
Адал наннан татып дәм.
Соның ғана арқасы ғой деп білем,
Еншім болса бір аз ғана бақыттан.
Қалжырасам әзер-әзер құламай,
Нан ұстасам жанып көзім шырадай.
Бір ғажап күш тамырыма тарайды,
Ақтарылып таудан аққан тұмадай.
Зұлым жауды жеңерде атам жаныштап,
Ел қорғауға ант беріпті
Нан ұстап!
Содан кейін қанды қырған тыйылып,
Көшкен бұлттар біздің жақтан алыстап.
Дүниені сақтап тұрған нан ғана,
Десем егер,
Қоймассың сен таңдана!
Алшаң басып кең далада мен келем,
Алтын дәнді құйып алып қамбаға.
Күлім қағып күздің салқын самалы,
Еске салар ақ ниетті ананы.
Дәтің барып,
Баса алмайсың аяққа
Дән өсірген қасиетті даланы.
Бір түйір дән
Бүршік жарған қауызда,
Бұйырма сен
Бүлікқұмар жауызға.
Бүкіл дүние құшағыңда тұрғандай,
Үзім нанды салып қалсаң ауызға.
Өлең де бір
Қымыз сияқты
Қанша жұтсаң тамсантқан,
Өлең де бір қыз сияқты
Қолға түспей аңсатқан.
Өлең де бір
От сияқты
Жанатын лаулап бірден.
Өлең де бір доп сияқты
Қақпаға заулап кірген.
Өлең де бір
Қашқан киік
Тоқтамас ештеңеге.
Қашан да аспан биік,
Қарасаң тас төбеңе.
Өлеңнен түңілгенде
Тұла бой құрыстай ма?
Тереңге үңілгенде
Үрейің бір ұшпай ма?
Өлең де
Жол сияқты
Әлі де жүрілмеген.
Бақытың сол сияқты
Қолыңа ілінбеген
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ