Құралай ОМАР өлеңдері

Жол неткен бұралаң,
Жолыға алмадым.
Өзімді күн сайын алдадым
Келер деп,
Жанымды бақытқа бөлер деп.
Содан соң… тістелді бармағым.
Көтере алам ба салмағын?
Мың батпан сағыныш, күдік пен үмітті…
Түсімде жолығып, өңімде жете алмай
Жүргенім жігерді үгітті.
Іздедім…
Көшелер… халді ұқпас біздегі
«Күдерді үз» деді.
Тек жаңбыр аймалап жүзімді
Мен болсам, өзіңді өлгенше күтетін
Жапырақ боп кеттім күздегі.
 
Жүдедім…
Сағыныш әнін сап жүрегім.
Жаныңа жете алмай, таң алды
Түсімде жолығып жүремін
Үнемі.
Білемін,
Сенде де осы күй, жарығым,
Хаттарың… сезімің мөлдіреп,
Телефон пернесін сүюмен саусағың
Тересің әрібін.
Жаныңның жұпары әр сөзден сезіліп,
Жылынам…
Қиялда кезігіп.
Содан соң сен жайлы тәп-тәтті түс көрем
Көз іліп.
 
Тырналды тағы аузы жараның,
Өткелден қалдым өте алмай.
Өз жүрегіме батып барамын,
Жағалауыма жете алмай.
Асау толқындар ұрып жанымды,
Тұншықтым кермек жасыма.
Желдерден естіп мұңлы әнімді,
Жетпейсің неге қасыма?
Тағдырым енді артады нені?
Қажыдым мұңнан… арыдым.
Түпсіз тұңғиық тартады мені,
Қолыңды созшы, жарығым.
 
Неге сенен алыспын?
Сағынышқа шарпылып,
Түні бойы өз-өзіммен алыстым.
Түпсізіне сүңгітіп ең қиялдың,
Сыйлаймын деп бір бөлшегін ғарыштың.
Енді неге…
Неге сенен жырақпын?
Күрсіндіріп күп-күрең күн,
Өксітеді жылап түн.
Арманыма қанат байлап
Құс жолымен самғап ем.
Құлаттың.
Күз бояған жапырақтай
Жерге келіп жығылдым.
Қолыңа алып аялашы…
Сенен өзге жылыта алмас
Жас жауратқан жанымды…
Ұғындым.
 
Тағы да мұңымды төгемін.
Не үшін жылаймын?
Білмеймін себебін.
Еңсемді езгенде өксіктің салмағы
Өзің кеп жұбатсаң деп едім.
Жоқсың сен… көнемін,
Жазмыш қой… көңілдің дегені болмаған.
Хат жазып жіберші…
Халімді сұрасаң, жетеді сол маған.
Үйренгем өзіңсіз өмірге –
Үнсіздік ұғады жанымды,
Қара түн сүртеді жасымды.
…Дәрменсіз екенмін,
Жанамын, күйемін…
Неліктен өзіңнің алдыңда иемін
Тәңірден өзгеге имеген басымды?
 
Көз жасымнан дымқыл тартқан күз демі,
Халімізден хабарсыз-ау біздегі.
Сен келердей терезеге қадалып,
Қарашығым неге сені іздеді?
Өмір неге бізді осылай сынайды?
Бөлмеде мен, далада күз жылайды.
Үмітімдей жүрегімнен үзілген,
Жанды ауыртып, жапырақтар құлайды.
Жанарымда дірдектейді дана күз,
Жетім көңіл, жоқ сияқты панамыз.
Адасатын бір-бірінен жел тұрса,
Біз екеуміз жапырақтар ғанамыз.
 
 
 
 

Құралай ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *