ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ

Қиялымда жүрем енді тербетіп,
Жүрек жатыр ақ жауынын селдетіп.
Аспанның да түнеріп тұр қабағы,
Астана да суық тартты сен кетіп.
Күңгірт мекен, көңіл бордай үгіліп,
Сүріндім бе?
Сезім қалды жығылып.
Жылу таппай қаңыраған қаладан,
Амалсыздан өз-өзіме тығылып:
“Құралайдың салқыны” деп алдадым,
Сұр тұмандай бұлыңғырлау алдағым.
Өзіңсіз күн, кеш те, түн де меңіреу.
Сенің жайың қалай екен, ардағым?
 
Табылмай жанымның тұрағы,
Таусылмай тағдырдың сұрағы,
Жып-жылы сәттерді қия алмай,
Көзіме ыстық жас тұнады.
Мен үнсіз күрсіндім.
Көлеңкем
«Кетпе» деп жолыңа құлады.
Жата қап жылады иегі кемсеңдеп,
Мың мәрте оқталды өзіңе ерсем деп.
Аяққа жығылып, жалынды содан соң
«Қайтадан айналып келсең» деп.
Көрсем деп тағы да…
Өзгерді мекенің.
Қай кезде, қай күні, қалайша жетемін?
Кеткелі күй осы…
Сездің бе,
Құлаған көлеңкем жылаған жүрегім екенін?
 
Сені күтіп сағынышым басылмай,
Мені күтіп… отырасың төзімсіз.
Сенсіз сәттер… секундтар да ғасырдай,
Бұрын қалай өмір сүргем өзіңсіз.
Менің жаным сезіміңнің үнімен
Үндесті де… үміттерім үкілі.
Білесің бе, сезіледі шынымен
Әр әріптен жүрегіңнің лүпілі.
Шимайланған алақан – шиыр-шиыр жолдарым,
Бақытым деп күтіп ем, сен де бақыт болмадың.
Жанардағы бір сезім жылай-жылай суалып,
Көрмейсің бе көңілім бірте-бірте солғанын.
Тағы алдымда шұбылып тарам-тарам жол жатыр,
Ұстай алмай үмітті қарманады қол да құр.
Жетегіңе ілессем, түнекке енбес деп едім,
Күздің басып тұманы, адастырды ол да ақыр.
Жасқа толы жүректің ішінде Жан тұншығып,
Батып кетіп барады, көзім отыр мұң сығып.
Тұманын-ай даланың, тұманын-ай сананың,
Қуантады қай күні көкжиектен Күн шығып.
 
 
 
 
 
 
 

Құралай ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *