Құпиясын орап-шымқап түн жатыр

Құпиясын орап-шымқап түн жатыр,
Кештің түйткіл күйбеңі де тынды ақыр.
Жас келіншек баласымен төргі үйде
Аунақшыса –
аунап барар кім батыр.
Қараңғы үйде ешбір қыбыр сезілмей,
Тіршіліктің тылсымынан безінбей.
Жалғыздыққа жазықты боп жар жатыр,
Жігіт жатыр –
көңілі ояу көз ілмей.
Телмірген түн.
Көнер ме екен таң бұған?
Кім бар екен осынау үш жанды ұғар?..
Бірін-бірі аңдып жатыр үш бейбақ,
Қайран дүние…
Адамды адам аңдыған.
Бала жатыр… етек жиған, ес біліп,
Ана екеудің көкірегін тесті үміт.
Аттай шапқан үш адамның жүрегі
Бір-біріне тұрғандайын естіліп,
Әйел жатыр… әлденеге күрсініп,
Әрең жатыр қос құлағын тыңшы қып.
Күйеуінен ерте айырып тағдыры,
Еркіндікке емексіткен тіршілік.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *