ҚАНЖАР

Бір шындыққа жеткен соң,
Тура тартқан төтесін.
Әлденеге кектенсең,
Қынға сыймай кетесің.
Қауіп-қатер төнбей ме,
Бірдеңені бүлдірсең?
Адалдықтың кей-кейде
Қонышында жүрдің сен.
Сені ойласам көп сұрау,
Көңілдегі сызбысың?!
Өткірлігің өткір-ау,
Неге екі жүздісің?!
Салт аттылар салдыртқанда еңістен,
Көлденеңдеп бір ғажайып келіспен,
Қымыз құйған сақиналы саусаққа
Құмарымды қандыра алмай көп ішкем.
Көп ішкенмін, көп ішкеннен қызғанмын,
Көңілді де көншіткенмін, бұзғанмын.
Көк көдеде қалды ма екен көміліп
Сондағы әсем күлкілері қыздардың?!
Толқын соғып, мыж-мыж болған кемердей,
Көркем күнім тұрар қалай көнермей.
…Қыр басында қара бала неғып жүр,
Қауым жұртқа өлең оқи жөнелмей?!
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *