СЕҢ

Көкше мұздың көкірегі қызынып,
Сере қарыс сең жарылды бұзылып.
Мен қарадым алқам-салқам өзенге,
Тереңдіктің тебіренісіне қызығып.
Кемерлерді әлім-берім ырғатып,
Сеңдер, сеңдер бір шығады, бір батып.
Жел соғады жүлгелерден жүйіткіп,
Құрлық төсін келген бетте құрғатып.
Сеңдер, сеңдер сеңделеді ойланбай,
Бұлай болса, түгесілмек той қандай.
Қызыл суын құшағына қондырып,
Тоғытылып бара жатқан қойлардай.
Байырқалап қонғандайын құс кілең,
Көзбен көрдім қырық жамау қысты мен.
Арғы бетке өтіп кеткім келеді,
Аттап-аттап сол сеңдердің үстімен.
Қапаланба, қайран өзен, аһ ұрма,
Жарыл, төгіл, дүрліге бір шатырла.
…О басында тұтас туған дүние
Бөлінген соң бүлік болып жатыр да.
 
Қас қарайып, болған кезде түн қашан,
Алатаумен кейде оңаша сырласам:
– Қара дауыл соққан шақта сыртыңнан
Жас емендей жарағаның – сынбасаң!
Қажытса да көңілсіз шақ, жар мұңы,
Қайғырма сен, ескен желдей барлығы.
Досқа жетпес бірге отырып ас ішкен,
Ештеме етпес пәтердің де тарлығы.
Күн боп батсам, ай боп қайта туамын,
Кірлеп кетсең, ақ бұлтыммен жуамын.
Жағасында жайбарақат сен жатсаң,
Сықылықтап мәз болады су ағын.
Құрбыңменен ойна да күл, жас төкпе,
Маған тіпті таға алмайды тас та өкпе.
Бұта сынса топырағыма шаныша сал,
Жап-жасыл ғып жіберейін әп-сәтте!
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *