Бірі – токарь,
Бірі – шофер,
Бірі – әнші,
Бірі – күйші,
Бірі – сыншы,
Бірі – ақын.
Бірі – боксер таңғалдырған әлемді,
Бірі – актер сан мәз қылған бар елді.
Бірі – шахтер жер астына бойлаған,
Серіктерден артық кім бар ал енді!
Табын-табын мал айдаған бақташы,
Қанар-қанар қап байлаған мақташы.
Бірі – «Еңбек», «Динамода» шаңғышы,
Бірі – «Қайрат» ойынында қақпашы.
Көкшетауда,
Көктөбеде,
Кегенде.
Балқантауда,
Баянауыл,
Бөгенде.
Бірі мынау Шалқар жақта, Ырғызда,
Бірі сонау Балқар жақта – Шегемде.
Серік аты барлық елге таралған,
Басын қосып бар қуаныш, бар арман.
Серік деген атына сай өздері
Бір-бір жарға серік болып жаралған.
Серіктерді көп тізді деп, қарағым,
Кінәлама, санап бітсең жарадың!
Уақыт өзі салар түбі сарапқа
Қай Серіктің мәңгілік боп қаларын.
Сортаңын әсте сүймеген самал сона жыл,
Тамағы талай құрғақсыған қара адыр.
Жалтаңы жайдақ жабағы жамбас дала бұл,
Далиып жатып жимаған жыртық балағын.
Қара кемерде қара бір жолдар қайқаңдап,
Барады дөңде бала қырандар байпаңдап.
Қарадым мен де дала гүлдерге толғанда,
Бала күндердің үйреншікті әнін айта алмай.
Төгіліп тері, кетпеннің жүзі таң аппақ,
Жеткенде жердің сар самал шашын тарақтап.
Жаным бір қалмай жүгірер ем-ау сонда мен
Сонау бір қырда тұсаулы жүрген ала атқа!
Қарамай оған құйғыта берсем құйынша,
Қорқып бір жылап құдайына атам сиынса:
«…Жаратқан тоба, алдында жалғыз ұлымның
Қара кетпеннен бір уыс топырақ бұйырса».
Шіркін-ай, осы аңыз болса ғой ел сенген,
Тұрса бір атам толқымай, яки теңселмей.
Кеудесін тіреп жығылған сәтте кетпенге,
Орғыта шауып оралып сонда келсем мен.
Ал оған бұдан артық та болмас мархабат,
Босқа бір тұрған кезімді айтсам ар санап.
«Ержетіп қалған екен ғой мына жаман ұл», –
Қараса сонда қолымен көзін қалқалап.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ