Сен анасың!
Анасын жылатқанның
Көрген жоқпын оңғанын, оңалғанын.
Қайырымды қара жер,
Сен анасың!
Ашынасың, тулайсың, демаласың.
Қойыныңда өсірдің қойшыны да,
Данышпанды, көсемді, ел ағасын.
Жатыр-ау деп ойламай ақын бабаң,
Сенің шұрқ-шұрқ төсіңді зақымдаған.
Ей, қолбасшы!
Тұрса егер қайтер едің
Мәскеуде емес, Семейде қатын-балаң.
Күрсінесің, күні-түн аһ ұрасың,
Шыңғырасың,
Жылайсың, бақырасың…
Уайымға батасың, біраздан соң
Ұрпағыңды бірлікке шақырасың.
Шақырасың туысты, ағайынды,
Көкірегің қайғыдан қақ айрылды.
Шыр-шыр қағып қорғайсың Шәкәрімді,
Аман-есен сақта деп Абайымды.
Ақыл – ақау,
Ес – жарым, күйкі шыдам,
Өрекпіген көңілдің күйті күмән.
Бесігіне бөлеген перзентіңді
Оятуға қимайсың ұйқысынан!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ