I
Уа, кернейші, әуе мен жер түрленіп,
Сілтідей боп тына қалсын төңірек.
Самарқанға салтанатты үн беріп,
Кернейіңді көк өгіздей мөңірет.
Өзі нәзік, бірақ нұрлы дауысы өр,
Сан ғасырда кім өлмесе–сол ақын.
Байқараның уәзірі емес Әлішер,
Ол да әлемнің билеушісі болатын.
Мен де жастай талай шалқып үлгергем,
Сан кезігіп мың жасайтын отты үнмен.
Құрдастарым хан көтеріп жүргенмен,
Сұлтандарша елді бұзған жоқпын мен.
Тәуба дейтін не десе де ел мейлі,
Тауға кетіп қалатұғын сасқанда,
Шәйірлердің құрметі үшін кернейді,
Боздатшы бір алқаракөк аспанға.
Бір тізерлеп, ұсынам деп еліме,
Жер бетінен сөз іздеген ең керім,
Керней айтсын Самарқанның жеріне,
Жұматай әл-Қазаһидің келгенін.
Жұқты маған: бағым ба әлде сорым ба,
Кербез шақта күн кешсем де мұны ұқпай,
Көп шәйірлер өлеңінің соңында,
Өз есімін айтады екен ұмытпай.
Жұматай Жақыпбаев