Оңай емес

Оңай емес
Ойлағанға тірлігім
Біреуге – қас,
Біреуге дос, құрбымын.
Жайшылықта жарқыл қағып жүргенмен,
Жасырмаймын:
Менің де бар бір мұңым.
Ерте көктем салқынына іліктім,
Найзағайдың жарқылына іліктім.
Айтар сөзім
Алқымыма тіреліп,
Қор болам деп,
Қорықтым да, үріктім.
Өзімді өзім өтірікке сендірдім,
Өзімді өзім өкінішке көндірдім.
Жағаластым,
Көп адастым,
Ақыры –
Не бітірдім,
Не тындырдым,
Не өндірдім?!
Қасиетін айырмадым асылдың,
Қасіретін танымадым Ғасырдың.
Бірлік кімде?
Билік кімде –
Біле алмай,
Бейбіт күнде берекемді қашырдым.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *