Окоп қазып жүрдім талай,
Тынық Донның боз дөңінде.
Таңғы шапақ – нұрлы арай,
Ойнады жас көздерімде.
Алыстым жел құйынымен,
Бойда әскер бес қаруы,
Ауладым ой иірімнен,
Көңілде Дон көшті ағыны.
Қалған сонау жайлауында,
Жас шалғынды жасыл қырдың.
Жаз желі ескен айдарынан
Түсті есіме асыл құрбым.
Жастық дәурен алдандырып,
Жүрме алаңсыз, көңілі жай.
Күтер ме екен алдан шығып,
Келем деп ем көп ұзамай.
Сырбай Мәуленов