“Мен келемiн тайғанақтап Сол маңда…”Г. Салықбай

Ара қашық…
Болмаған соң жүз қадам,
Сезiм әлде мұздаған –
Дауысың сап-салқын,
Далада шық.
Жанымыз болған қайық,
Перiште жолдан тайып,
Тапты алтын,
Ала қашып…
Ұсынды жүрекке кеп,
Бұл күнде тiлек те көп,
Сақтар түн
Араласып.
Көзiмде бұлт жауады,
Көңiлiм сыртқа ауады,
Жақтар кiм?!
… “Бала – ғашық”…
Сен бе едiң?
Мазалап түсiме енген,
“Сыртым – сау, iшiм өлген”
Құр сүлдерi.
…Сенбедiң
 
Ой iшiп түнiменен,
Ояудың бiрi мен ем.
…Күрсiнгенi…
Төнбе күн
Маған ғана, аспанға шық,
Өтiнем, жасқанба түк.
Күлсiн жерi.
Өң бе мұң?!
“Шаттықты жамап жанға,
Сезiмдi қамап таңға
Жүрсiң”, – дедi
…Жеңбедiм…
 
Далада дауыл емес, сұйық жел естi,
Жанымды мұң торыды, күйiк емес-тi.
Түсiмде көрiп сенi жете алмай,
Оянып кеттiм тағы сүйiп елестi.
Iздедiм елесiңдi қуып сағымды,
Жеңгендей болып едiм жуықта мұңды.
Көңiлiм жер боп қалды көкте жүрген,
Көрген соң сенсiз тұрған суық тағымды.
Сен жоқсың, кеткiм келдi кезiп даланы,
(Қалайша жақсы көргем төзiп қаланы?)
Саған деген сағыныш жүрегiмдi,
Сеземiсiң, жаным-ау, езiп барады.
 
Жанарыңнан жаз күтiп ем,
Күз бе едiң?
Жүрегiме үңiлмедiң, жүзбедiң.
Жылап тұрдым жүзiм шыққа малынып,
Ал сен болсаң:
“Үмiтiңдi үз” дедiң.
Үзу қайда…
Iздедiм.
Қиялымда қауышып,
Тiл қатамын сұлу сөздiң барлығын да тауысып.
Күбiрлеймiн…
Ауысып.
Көрмедiң.
(Қыраттардан мен үшiн қызғалдақ та
термедiң)
Не келедi қолымнан?
Тоқи бердiм толассыз
Бiр өзiңе арналған өлеңiмнiң өрмегiн.
Ендi қашан жүздесем?
Тап болып ең тағдырыма күзде сен.
“Сағыныштан сарғайттың ғой
бар ма едi бiзде есең”
Деп тәңiрге тiл қатып ем түндерде.
Салқындапсың.
Егер сүйсең, арамызды үзбес ең.
…Аппақ қарда iзiм жатыр – iздесең…
Ендi қашан кездесем?
(Көп iшiнен түсiп едiң көзге сен)
Алқымыңа тығылған айтарыңды сезбесем,
Кешiр менi…
“Жыр оқышы”
…Үнсiздiк…
Түсiнбедiм, бұрындары өзгеше ең.
…Аппақ қарда кетiп барам – өз көшем…
Ендi қашан жетемiн?
Жанарымның моншағына толып кеттi етегiм.
“Жұлдыздарға сыр шертiп отырады жеке кiм?”
Деп сұрама.
…Аппақ-аппақ әлемде қар қызы ән салады,
Құлағыңа жете ме үн?..
 
Айтшы, түндер, жазығым не?
Ояттың жұлқып жағамнан.
Бұл өмiрдiң жазы кiмде,
Қайда ұшып кеткен ақ арман?
Айтшы, түндер, жалқылығым ба,
Нелiктен жатам өртенiп?
Мiнезiм менен бар қылығымда
Болмады ма әлде еркелiк?
Айтшы, түндер, кiнәлiмiн бе,
Алдаса менi сағымдар.
Жоқ болса егер күмәнiң мүлде,
Айыптап, күйе жағыңдар.
 
Не дейiн саған, қоңыр жел, жапырақты үз, жылат.
Алғашқы қар қылаулады, орынынан күз құлап.
Жауа салып ерiп жатқан қарды жақсы көргенмен,
Мұңлық қардың мұң тағдырын
түсiнбейсiз сiз бiрақ.
Әйнектердi сызғылап… Хабары жоқ түк Күннен
Қауқарсыз ақ ұлпаларға қарап тұрып бұқтым дем.
Сағыну мен аңсауды сап-сары деп жүр едiм,
Ақ түсте де зарығу бар екенiн ұқтым мен.
Тосу, төзу – Қорқыт көрi құтылмайтын қашқаннан,
Жанарымнан, бәлкiм, бәлкiм жүрегiмнен
жас тамған.
Қар дегенiм – күтулерден көкiрекке жиналған
Көз жасының суретi екен суып түскен аспаннан.
 
Жылдар бойы бәлкім сізді іздегем?!
Сезімімді жеткізем деп
Сөз қалмады тізбеген.
Жүз сөзге де сыймайды сағынышым,
“Хат жаз” дейсіз.
Қалай және не жазамын сізге мен?
Тағы, тағы жанарыма қонақтады шық арсыз,
Жылы сөзге мен сияқты сіз де зәру шығарсыз.
Жүрегімнің тілінде ғой айтпағым,
Үнсіз қалсам, ұғарсыз.
 
Сен менiң жүрегiмдесiң,
жыр елiмдесiң.
Адасқанда өмiрдiң түнегiнде шын.
Жол көрсетер бағдаршым, тiрегiм де-сiң.
Әйтеуiр ең iзгi тiлегiмдесiң.
Сен менiң арманымдасың,
ар, қанымдасың.
Нәп-нәзiк кiрбiңi жоқ қар – жанымдасың.
Жарқ етiп сөнгенiнше жалғаным – жасын,
Тәкаппар талғамымдасың.
Сен менiң сөздерiмдесiң,
кездерiмдесiң.
Белгiлi, басқа жанды көзге де iлмесiм.
Өзiң ғана сыр тұнған көздерiмдесiң
…Түсiме өзге кiрмесiн…
 
Жалғыздан жалғыз аппақ түндерде
Аспанда аймен сырласам,
Жалғыздан жалғыз аппақ гүлдерге
Сағынышымды айтып мұңдасам.
Жалғыздан жалғыз жабырқап жүрiп,
Қар кешем және құм басам…
Жолықпас едiм өзiңе, жаным,
Сыңарың болып тумасам.
Естисiң, күнiм, есiмiңдi ғана
Жүрегiмдi егер тыңдасаң.
Жалғыздан жалғыз аппақ әлемде
Қар қызы болып ән салам.
Жалғыздан жалғыз ұйықтап жатып,
Түсiмде көрiп тамсанам.
Жалғыздан жалғыз жүрсем де, жаным,
Күтуден сенi шаршаман.
Жетемiз қашан, қыраным менiң,
Күндерiмiзге аңсаған…
Тәттi ұйқымды бөлiп түн,
Маза бермей азаптап.
“Жалғызсың, – деп – көрiктiм”
Ай күледi мазақтап.
Жұлдыздар да жамырап,
Көзiн қысып тұр маған.
Жел соғып, суық аңырап,
Жалқылығымды бұлдаған.
Жалғызбын. Ояу. Түн iшi.
Алайда екеу жүрегiм.
Тарылып ол да тынысы,
Менi ойлап отыр, бiлемiн.
Көрсем деп шығар жүрген де,
Сағынып, аңсап серiгiм.
Мына аспан, мына түндерге
Жалғыз деп айтты менi кiм?!
 
Мұң басып кеттi…
Мұнда қыс өттi.
Аппақ қар бүркеп тәнiмдi,
Сыңсыта салған әнiмдi
Жеткiзе алмадым өзiңе.
Күлгенде көктем,
Гүлге үмiт еткем.
Iздедiм сенi жасыннан бiрақ.
Өрмелеп шыққан тасымнан құлап
Жете алмай қалдым өзiңе.
Жайнады жаз да.
Жайларым аз ба
Сағыныш тұнған кiрпiкте?
Қанатым сынған… үркiтпе…
Жете алмай келем өзiңе.
Кiмдерге күлем?!
Күндерде күрең
Ұшамын самғап құспенен.
Кей кезде таң қап түс көрем
… Жетермiн бәлкiм өзiңе…
 
Тағы да ұшындым…
Жанарымнан жас сырғыттым қателігім үшін мың.
Адамның емес, Алланың махаббатының
Шексіз екенін түсіндім.
Жалған сезім алдады да, құладым.
Пенде ішінен сүйеу таппай жыладым.
Жалғыздықта Жаратқанға жүз бұрып,
Жанымның парағын жайдым да,
Алдында кешірім сұрадым.
Жылулық іздеумен жүр едім.
Бір нұрды сіңірді жүрегім.
Енді мен ғашық боп жазылған хаттарға
Сенбеймін – күлемін!
Сіз мені Тәңірдей сүймейсіз,
Мен сізді Тәңірдей сүймеймін, білемін.
 
Өкпемді жаза алмай кеткенмін,
Өкпеңді айта алмай кектендің.
Жаныңды ауыртар, білемін,
«Қош бол» деп кеткені көктемнің.
Бәрін де, бәрін де сеземін,
Таппады жүрек пен көз емін.
Өткенге оралғым келмейді,
Өртеніп жатса да өзегім.
Төземін, мейлі мұң меңдесін,
Бар ойым, болса да сенде есім.
Көрмеуге бекіндім, жаныңды
Мен емес, күрең күз емдесін.
 
 
 

Құралай ОМАР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *