Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?
Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім.
Айтылмай не мұңым, не сырым,
Телефон көзімнің жасына тұншықты.
Сіздегі үнсіздік – ақталу,
Мендегі үнсіздік – кешірім.
Солай-ау шамасы…
Жазмыштың жазуы –
Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.
Тыныштық тағы өлді ауыр дем арқалап,
Сіздегі күрсініс – жалғыздық,
Мендегі күрсініс – сағыну.
Аязға, мұзға да бергісіз,
Жүрекке сұп-суық ерді сыз.
Толқындар жеткізген үніңіз жауратты.
Сіздегі салқындық – үмітті жылату,
Мендегі салқындық… белгісіз…
Шамын жағып, жарқ-жұрқ етіп көзді
алдайды Астанам.
Жатсынамын, жүдетеді жалдап
алған баспанам.
Көше кезген аяқтарым, жел
тербеген шаштарым,
Мүлкіндей боп көрінеді басқаның.
Қала шуын көкірегіме жеткізетін құлағым,
Шынымен-ақ менікі ме?
Жанарымнан сұрадым.
Түніменен жаңа жырдың сөздерін
һәм жолдарын
Жазып берер жүрегім мен қолдарым,
Менікі емес сияқтанып жүремін,
Солай бәлкім, тек бір нәрсе білемін:
Өлең ғана өзімдікі, қалғанын
Елу жылға Тәңірден жалға сұрап алғанмын.
Құралай ОМАР