Күндер өтті –
Қиналған, назаланған.
Көрер көзге қор болған, қаза болған.
Ағалардың аруағы елестейді,
Жазықсыздан-жазықсыз жазаланған.
Құтылады кім қашып кеселіңнен,
Жаңыламын тал түсте есебімнен.
Түні бойы шығамын кірпік ілмей,
Кейде шошып оянам төсегімнен.
Біреу соғып жатқандай шырқыратып,
Сай-сүйегін кісінің сырқыратып.
Жылатқандай зарлатып, еңіретіп,
Құлатқандай шетінен қырқып атып.
Үсті-басы сарыала – сұсты кілең,
Шыға келер шұбырып «штыгымен».
Жалаңаяқ айдайды аямай-ақ,
Ылғи істік шегенің үстіменен.
Күндер өтті –
Құр босқа кінәлаған,
Артып түсті тепкісі – сынағы одан.
Бес-алты адам болса егер,
Бірсәрі ғой,
Қиын екен
бүкіл ұлт ұнамаған.
Күндер өтті…
Осылай күндер өтті.
Кейінгіге қалдырып мың деректі…
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ